Главная страница
Образовательный портал Как узнать результаты егэ Стихи про летний лагерь 3агадки для детей
qrcode

Клиническая патофизиология 2010. Алматы 2010 Кіріспе


НазваниеАлматы 2010 Кіріспе
АнкорКлиническая патофизиология 2010.doc
Дата05.01.2018
Размер22.3 Mb.
Формат файлаdoc
Имя файлаКлиническая патофизиология 2010.doc
ТипДокументы
#34144
страница32 из 109
КаталогОбразовательный портал Как узнать результаты егэ Стихи про летний лагерь 3агадки для детей
Образовательный портал Как узнать результаты егэ Стихи про летний лагерь 3агадки для детей
1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   ...   109

Апоптоз дамуының бұзылыстары. Апоптоз – жасушалардың өздерінің тектік ақпараты бойынша, бағдарланған түрде, тіршілігін жоюы (толығырақ жасуша патофизиологиясын қараңыз).

Апоптоз дамуын тежейтін (bcl-2) және оны сергітетін (bax) гендердің мутациясы нәтижелерінде жасушалар тіршілігін жоғалтпай, ұдайы өсіп-өне береді де, өспе жасушасына айналады. Бұл кезде bax генінің белсенділігі төмендеп, керісінше, bcl-2 генінің белсенділігі өршіп кетуі ықтимал.

Жасушалардың апоптозы дамуында екі түрлі рецепторлардың маңызы бар. Біріншісі CD95 рецепторы, екіншісі өспені жоятын фактордың (TNFR- ағылш. tumor necrosis factor receptor) рецепторы. Осы рецепторлармен CD95-L, өспені жоятын фактор (TNF) байланысудан жасуша ішіне апоптоз дамуына бағытталған дабыл жеткізіледі. Бұл рецепторлардың өзгерістері де апоптоздың бұзылыстарына әкелуі мүмкін. Сонымен бірге р53 нәруызының болмауы да апоптоз дамуын жоғалтады (жоғарыдан қараңыз).
Жасушалардың ДНҚ молекуласының бүлінген жерлерінің қалпына келу (репарациялық) мүмкіншіліктерінің бұзылыстары. ДНҚ молекуласы қоршаған ортаның көптеген ықпалдарынан күнделікті бүліністерге ұшырап тұрады. Ол бүліністер дер кезінде байқалып, жойылып, ДНҚ молекуласы қалыпты жағдайға келтіріліп тұрады. Осы жағдайды ДНҚ молекуласының репарациясы деп атайды. Оны қадағалайтын гендер болады. Олар ДНҚ молекуласын екі түрлі жолмен қалпына келтіретін гендер тобына ажыратылады. Біріншісі ДНҚ молекуласының бүлінген жерін кесіп алып, оның орнын толтыратын (эндонуклеаза, ДНҚ-полимераза, лигаза т.б.) ферменттердің түзілуін қадағалайтын гендер, екіншісі ДНҚ молекуласындағы жұпталмаған сыңар азоттық негіздерді қалпына келтіретін (mismatch repair) гендер делінеді. Бірінші гендердің мутациясы нәтижесінде, эндонуклеаза т.б. ферменттерінің белсенділігі төмендеуінен, ДНҚ молекуласының бүлінген жерлерін кесіп алып жою мүмкіншілігі жоғалады. Содан ультракүлгін сәулелердің әсерлерінен теріде обыр өспесі дамуына қатер төнеді.

Сыңар азоттық негіздердің қалпына келтірілуін қадағалайтын гендердің (hMLH1, hPMSI, hMSH2, hPMS2) ауытқуларынан аденин, гуанин, тимин және цитозин негіздерінің байланысу қателіктерін байқап, түзеу мүмкіншіліктері жоғалады. Осыдан геномның қатты тұрақсыздығы байқалады.

Осы себептерден қоршаған ортаның ықпалдарынан пайда болған ДНҚ молекуласының ақаулары және жасуша бөлінуінің S-фазасында бұл молекуланың түзілуі кезінде пайда болған қателіктерді түзету мүмкіншіліктері қатты азайып кетеді. Содан бүлінген ДНҚ молекуласы бар жасушалар апоптозға ұшырап, жойылмай, өзгерген тектік ақпаратымен сақталып қалады. Олар ары қарай өсіп-өніп, өзгерген ақпаратын туынды жасушаларға бере береді. Сөйтіп өспе жасушасына айналады.

Өспе дамуы үшін жекелелен жасушалардың өспе жасушасына айналуы (трансформациясы) әлі жеткіліксіз болады. Бірен-саран өспе жасушалары дер кезінде организмнің қорғаныстық күштерімен жойылып отырады. Өспе дамуы үшін бұл жасушалардың қарқынды өсіп-өніп, көбеюі және алғашқы өспе түйінінің пайда болуы қажет.
Өспе жасушаларының қатерлі өспелердің қасиетін қабылдап, қарқынды өсіп-өнуінен бастапқы өспе түйіні пайда болуы (промоция)
Эксперименттік жануарлардың қанына енгізілген аз мөлшердегі өспе жасушалары өспе дамуына әкелмейді, Ол даму үшін қосымша түрткілердің болуы қажет. Осыдан өспеге айналған жасушалар әсерленіп, қарқынды көбейетін, қатерлі өспе жасушаларына тән қасиеттері бар өскіндер (клондар) пайда болады және бастапқы өспе түйіні қалыптасады. Осындай жағдайды промоция (ағылш. promotion – қолдау, күшейту) деп атайды. Өспе жасушасының қарқынды өсіп-өнуіне қолдаушы ықпал ететін экзогендік және эндогендік заттарды промоторлар дейді. Бұлардың көпшілігі өспе жасушасының қарқынды өсіп-өнуіне протеинкиназа С ферментінің белсенділігін арттырып, нәруыздық фосфатаза тобына жататын ферменттердің белсенділігін төмендетіп әсер етеді.

Промоторлар өз беттерінше сау жасушаны өспе жасушасына айналдырмайды немесе канцерогендік әсер етпейді. Олар организмде бұрын пайда болған өспе жасушаларының бөлінуін арттырып, өспе түйіні пайда болуына әкеледі. Мәселен, егеуқүйрықтардың терісіне бір рет диметилбензантрацен (ДМБА) жағу өспе дамуына әкелмейді. Ал, осы ДМБА теріге жаққан соң іле-шала, өз бетінше өспе туындатпайтын кротон майымен майласа, онда теріде обыр дамиды.

Кротон майын ДМБА-нің алдында немесе одан кейін көп кешеуілдетіп жақса да өспе дамымайды. ДМБА-нен кейін скипидармен майлауда өспе дамуына әкелмейді. Сонымен ДМБА сау жасушаны өспе жасушасьша айналдыратын ықпал болса, кротон майы өспе жасушаларын әсерлендіріп, олардың бөлініп-көбеюін күшейтетін ықпал немесе промотор болады.

Уокер карциномасының 50 жасушасын егеуқүйрықтың көктамырына енгізгенде өз бегінше өспе дамымайды, Ал, осы егеуқұйрықтардың құрсақ қуысын ашып, бауырын бірнеше рет қолмен уқалап тітіркендірсе, онда оларда бауырдың карциномасы дамиды. Бұл кезде бауырды қолмен уқалау өспе өсуін күшейтетін промотор болып саналады.

Асқазан обыры дамуында соматостатин промоторлық (күшейткіш) әсер ететіні жануарларда өткізілген тәжірибелерде дәлелденді. Тоғышек обырына өт қышқылдары, қуық обырына натрий сахарині промоторлық әсер етеді.

Биттнер вирусымен зарарланған ақ тышқандарға эстрогендік гормон енгізгенде, олардың желінінде обыр өспесі дамиды. Ал вируспен зарарланбаған тышқандарда бұл гормон өспе дамытпайды. Бұл кезде эстрогендік гормондар өспе өсуіне промоторлық әсер етеді.
Өспе өсуінің үдеуі (өршуі)

Өспе жасушаларының тұрақты сапалық өзгеруін және үдемелі түрде қатерлі қасиеттерін арттыруын өспе өсуінің үдеуі немесе прогрессиясы дейді. Ол өспе дамуының үшінші сатысы. Өспе түйінінің көлемі ғана ұлғайып қоймай, ол ұдайы сапалық өзгерістерге ұшырайды және өсу дербестілігі, айналасындағы тіндерді ыдыратып өсуі, басқа ағзаларға метастаза тарату және қоршаған ортасына бейімделу т.с.с. жаңадан қабылдаған қасиеттерін арттыра береді.

Өспе өсуі үдеуінің ең негізгі заңдылығы болып, қатерлі өспелерге тән белгілерінің (атипиясы, бақылаусыз өсуі, инвазиялық өсуі, метастаза таратуы т. с. с.) бірімен бірі байланыспай, әр жасушада өз беттерінше пайда болуы есептеледі. Өспе түйіні басында өспе жасушасына айналған бір жасушаның туынды (моноклондық) жасушаларынан тұрады. Бұл жасушалар басында біркелкі даму сатыларындағы жасушалардың өскіндерін (клонын) құрастырады. Өспе жасушаларында кариотиптің көптеген өзгерістері (анеуплоидия, гиперплоидия), хромосомалардың ауытқулары (делециясы, транслокациясы, амплификациясы) және гендердің мутациясы байқалады. Өспе ошағында әр түрлі кариотиптері бар жасушалар көптеп кездеседі. Осыдан өспе жасушалары әр текті болып кетеді. Осындай жағдайды геномның тұрақсыздығы дейді.Ол қалыпты жасушаларда ешқашан болмайды. Геномдық тұрақсыздықтан өспе түйінінде әр текті жасушалардың жаңа өскіндері пайда болады. Осылай өспе түйіні поликлондық жасушалардың жиынтығына айналады. Олар әртүрлі даму сатыларында болып, әртүрлі қатерлі қасиеттерге ие болады. Организмнің қорғаныстық күштеріне қарсы тұра алатын жасушалардың өскіндері іріктеліп, сақталып қалады және қатерлі өспе жасушаларының өсіп-өнуі үдеп кетеді.. Өспе өсуінің үдеу түрі қоршаған ортасына байланысты болғандықтан алыста орналасқан ағзаға тараған метастазалар алғашқы өспе түйінінің қасиеттерінен ерекше сипаттар қабылдауы мүмкін. Сондықтан жасушалардың бөлініп-көбеюін тежейтін дәрі-дәрмектерге (цитостатиктерге) бұл метастазалардың сезімталдығы да әртүрлі болады.

Өспе алды жағдайлар.

Ағза деңгейіндегі онкогенез кезінде обыр алды жағдай дамиды. Бүл амалдық онкологияның ең маңызды мәселелерінің бірі. Өйткені обыр алды жағдайларды анықтау арқылы көпшілік жағдайда қатерлі өспелердің дамуын алдың-ала ескертуге немесе қатерлі өспелерді алдын ала емдеуге болады. Обыр алды өспе дамуы алдындағы ұзақ мерзімді болатын атрофиялық, дистрофиялық және пролиферациялық үрдістерден тұратын дерттік жағдайлармен сипатталады және көп жағдайларда қатерлі өспеге айналады.

Кең тараған обыр алды жағдайлардың бірі болып асқазанның қажалған ойық жарасы есептеледі. Бұл асқазанның шырышты қабығының ақауы созылмалы ұзақ мерзімді қабынумен сипатталады, оның шеттері атрофиялық, дистрофиялық және пролиферациялық өзгерген жасушалармен қапталған және сыртқы бейнесімен қажалған жерге ұқсайды.

Обыр алды жағдайға жатыр ернеуінің жалақ жарасы (эрозиясы) немесе оның шырышты қабығындағы ақауы жатады. Бұл да ұзақ мерзімді қабынудан тіннің атрофиясымен және айналасындағы эпителий жасушаларының пролиферациясымен сипатталады. Бұл жара тез арада ұқыпты емдеуді қажет етеді. Өйткені ол жиі қатерлі обыр өспесіне айналады.

Обыр алды жағдайлардың ең жиі тараған түрі кистоздық-фиброздық мастопатия - сүт безінің ауруы. Бұл ауру кезінде бездік тіндер ошақталып ұлғаяды, тығыз фиброзды қапшықпен қапталған қуыстар қалыптасады. Ол сүт безінің обырына жиі ауысады.

Кең тараған обыр алды жағдайлар болып қатерсіз өспелер саналады. Мәселен, папилломалар обырға, жатырдың миомасы қатерлі өспеге, қалдар мен меңдер - қатерлі меланомаға ауысуы мүмкін.


Өспе өсуінен сақтандыру және оны емдеу тәсілдерінің патофизиялогиялық негіздері

Өспе өсуінен алдын-ала сақтандыру обыр алды және дисгормондық жағдайларды ерте анықтап емдеуге негізделеді. Сонымен бірге қоршаған ортаның тазалығы үшін және әртүрлі зиянды әдеттермен күресу өспе өсуінен сақтандыратын бірде-бір маңызды жол болып есептеледі.

Емдеу тәсілдерінің негіздері мыналарға бағытталады:

● хирургиялық емдеу - өспені сау тіннің көлемінде дер кезінде отап тастауға;

● химиотерапия үшін жасушалардың өсіп-өнуін тежейтін дәрі-дәрмектер қолдануға;

● өспе жасушаларының өсіп-өнуін тежеу мақсатында иондағыш сәулелерді қолдануға;

● организмнің қорғаныстық күштерін көтермелеу және жетілдіруге; Ол үшін еркін радикалды тотығуды тежейтін антиоксиданттар, өспе өсуін туындататын вирустарға қарсы интерферондар, иммундық жүйені қалпьша келтіретін дәрі-дәрмектер, зат алмасудың бұзылысгарын жөнге келтіретін витаминдер т.с.с. заттар қолданылулары керек.


Тері ауруларының жалпы этиологиясы мен патогенезі
Тері (лат-cutis, derma) адам мен жануарлардың денесін қаптайтын және қорғаныстық т.б. көптеген физиологиялық қызметтер атқаратын күрделі тін. Адам денесінде тері алаңы оның бойына, жасына, жынысына қарай 1,5-2 м2 шамасында болады. Таза терінің салмағы дене массасының 4-6%-ын, шелмаймен қосқанда 16-17%-ын құрайды. Терінің қалыңдығы 0,5 мм-ден 5 мм-ге дейін болады. Адам терісінде оның сыртқы қабатын - эпидермисті, терінің өзін – дерманы және тері астындағы шелмайды ажыратады.

Тері организмнің барлық ағзаларымен және жүйелерімен тығыз байланысты. Ол көптеген маңызды міндеттемелер атқарады. Солардың ішінде қорғаныстық, тыныстық, сіңірулік, сыртқа шығарулық, пигментқұратын қызметтерімен қатар, қан тамырларының серпілістерінде, дене температурасын реттеуде, жүйкелік-рефлекстік серпілістерде, зат алмасуларында қатысуы өте маңызды орын алады.

Терінің қорғаныстық міндеттемелері әрқилы болып келеді. Қоршаған ортаның механикалық ықпалдарынан қорғайтын тосқауылдық қызметі тығыз мүйізгек қабатымен (әсіресе табан мен алақанда), дәнекер тіннің талшықты құрылымдарының серпімділігі мен механикалық төзімділігі арқылы және шелмайдың буферлік қасиеттерімен қамтамасыз етіледі. Осы қасиеттері нәтижесінде тері механикалық ықпалдарға (қысымға, керілуге, жыртылуға, соққыға т.б.) қарсы тұра алады. Терінің керілуге қарсы тұруы Лангер сызығы бойында жақсы байқалады. Лангер сызығы терінің керілу бағытын көрсететін ойша топшыланған сызық. Ол аяқ-қолда олардың бойымен ұзынынан, кеудеде қабырға аралықтың бойымен көлденең өтеді. Сондықтан хирургиялық операция кезінде теріні кескенде осы сызықтың бойымен кесу тиімді болады. Өйткені бұл кездерде хирургиялық жараның шеттері, тым қатты алшақтанып кетпей, бір-біріне жақын тұрады.

Тері радиациялық әсерлерден де жақсы қорғайды. Терінің мүйізгек қабаты инфрақызыл сәулелерді толығынан өткізбейді, ал ультракүлгін сәулелер тек жартылай өткізіледі. Соңғысы, эпидермистің ішіне еніп, тері пигменті меланинн өндірілуін сергітеді. Ары қарай меланин ультракүлгін және радий-белсенді сәулелерді сорып алып, олардың дерттік әсерін әлсіреді. Сонымен бірге, бұл сәулелерден эпидермисте гистидиннен пайда болатын уроканин қышқылы да сақтандырады.

Терінің мүйізгек қабатының кератині химиялық заттардан қорғайды. Теріге электролиттердің, бейтарап химиялық заттардың және судың өтіп кетуінен оның мөлдір қабаты мен мүйізгек қабаттың холестеринге бай терең бөліктері тосқауылдық қызмет атқарады. Тері тер шығару арқылы әлсіз қышқылдар мен сілтілерді бейтараптайды және зат алмасу өнімдерін сыртқа шығарады.

Бүлінбеген тері микробтарды қанға өткізбейді және ол бактерия жоятын әсер етеді. Сырттан әсер ететін әртүрлі химиялық зиянды заттар мен бактериялар тер және май бездерінің шығарымдарымен организмнен аластанады. Лизоцим, май қышқылдары (мәселен, олеин қышқылы), кератиннің қышқыл реакциясы, май және тер бездерінің өнімдері теріде қышқыл реакция туындатып, микробтардың өсіп-өнуін тежейді, бактерицидтік әсер етеді. Осы қасиеттірінің нәтижесінде теріге түскен ішек таяқшалары 15-30 минутта тіршілігін жояды. Терінің бактерицидтік әсері суық тиюден, оның ластануынан, қатты шаршаудан, жыныстық гормондардың белсенділігі азаюынан т.б. жағдайлардан төмендейді, ал ол жылы температураның, үльтракүлгін сәулелердің аз мөлшерлерінің әсерлерінен, ысқымақ (массаж) жасаудан, керісінше, күшейеді.

Эпидермистің сыртқы қабаттары арқылы микроб өтіп кеткенде қан тамырларынан лейкоциттер шығып, қан сарысуынан бактериолизиндер, агглютининдер, опсониндер т.б. бактерия жойғы заттар дерма мен эпидермис қабаттарына жайылады, антимикробтық ферменттер (мәселен, липазалар) өндіріледі және қорғансытық мәні бар қабынулық серпілістер пайда болады.

Тері иммунитет қалыптасуына қатысады. Теріге ультракүлгін сәулелерінің әсерінен иммунитеттің бейспецификалық тетіктері ширатылады. Тері кейбір микробтарға өте сезімтал (мәселен, күйдіргінің қоздырғышы т.с.с.) болады. Мұндай жағдайда иммунитеттің спецификалық тетіктері дамиды.

Терінің, әсіресе мүйізгек қабатының электр ағымына кедергілік қасиеті жоғары болады. Оның ылғалды бөліктерінде, әсіресе қатты терлеу кезінде, парасимпатикалық жүйке жүйесінің межеқуаты жоғары адамдарда электр қуатына төзімділігі төмендейді. Терінің электр ағымына кедергілік қаситеі оның өзінің физикалық қасиеттеріне, май және тер бездерінің, қан тамырларының, солармен бірге тұтас организмнің, әсіресе жүйкелік-эндокриндік жүйелерінің функциялық жағдайларына байланысты болады. Ұйықтап жатқан адамдарда терінің электрге төзімділігі ояу адамдарға қарағанда 3 еседен артық болады, керісінше қозу жағдайында ол қатты азаяды. Тым жиі жиіліктегі электр ағымына терінің кедергілік қасиеті әлсіз, ал сирек жиіліктегі (фарадий ағымы) және тұрақты ағымдарға жоғары болады. Терінің электр дәрмені тұтасынан келгенде теріс жаққа ығысқан. Сондықтан ол кезкелген биологиялық мембранаға ұқсап аниондарды сіңіріп алады да, катиондарды өткізбейді. Әйелдерде еркектерге қарағанда ауыспалы электр ағымына төзімділік төмен болады.

Тыныстық міндеттемелері. Тері тәулігіне (tْ-30ْ С) 3-4 г СО2 сыртқа шығарып, 3-4 г О2 сорып алып тұрады. Бұл организмдегі жалпы газ алмасуының 2%-ын құрайды. Оның тыныстық қызметі, газдардың тері арқылы жай ғана жайылып тарауы емес, ферменттердің қатысуымен өтетін тотығу-тотықсыздану үрдістерімен тығыз байланысты атқарылады. Ол қан тамырларына және жүйке талшықтарына бай тер бездерінің қызметімен тығыз байланысты өтеді. Терінің тыныстық қызметі:

● қоршаған ортаның температурасы көтерілгенде;

● қол жұмысын атқарғанда;

● тамақ ішкеннен кейін;

● барометрлік қысым көтерілгенде;

● теріде жіті қабыну дамығанда т.б. жағдайларда артады.

Абсорбциялық (сіңірулік) міндеті. Теріде тосқауылдық қызмет атқаратын липидтерге бай жылтыр және мүйізгек қабаттардың болуына байланысты сүтпен қоректенетін жануарлардың терісі арқылы су мен онда еріген электролиттердің сіңірілуі болмайды. Майда еритін заттар тікелей эпидермис арқылы, ал суда еритін заттар майлы шаш түбірі қапшықтары арқылы және тер шығарылмағанда тер бездерінің өзектері арқылы сіңіріледі. Оттегі, көмір қышқыл газы т.б. газдар, липидтерді ерітетін және онда еритін кейбір заттар (эфир, хлороформ, йод т.б.) жеңіл сіңіріледі. Теріні қабындыратын иприт, люизит түрлес газдардан басқа улы газдар тері арқылы өтпейді. Морфин, этиленгликоль, глицерин, диметилсульфоксид т.б. теріден жеңіл өтіп кетеді, ал антибиотиктер аз мөлшерде сіңіріледі. Заттардың тері арқылы өтуінің мөлшері:

● заттың қоюлық мөлшерінен;

● оның ерігіштік қасиетінен;

● өту қабілетінен;

● еріткіштің түрінен;

● терінің даралық ерекшеліктерінен және орналасқан жерінен;

● қоршаған ортаның ылғалдылығы мен температурасынан;

● теріге жағу тәсілінен – байланысты болады.

Терінің сіңіру қабілеті жылы суға былаудан немесе қыздырғыш компрестерден кейін және мүйізгек қабаттың баздануы кездерінде артады. Терінің бетін маймен сылаудан кейін әртүрлі заттардың сіңірілуі күшейеді. Өйткені бұл кезде эпидермистің липидтерімен химиялық заттың (дәрінің) түйісуі жақсарады.

Сыртқа шығару қызметі тер шығару және май бездерінің қызметтерімен атқарылады. Тері арқылы сыртқа шығарылатын заттардың мөлшері адамның жасына, жынысына, терісінің орналасқан жеріне байланысты болады. Бүйрек немесе бауыр қызметтері бұзылғанда олар арқылы сыртқа шығарылатын заттар (мәселен, зәрнәсіл, ацетон, өт пигменттері т.б.) тері арқылы шығарылады. Тер бөліну терінің әр бөліктерінде бір мезгілде болады және ол ОЖЖ бақылауымен атқарылады. Тердің құрамына су, органикалық заттар (0,6%), натрий хлориді (0,5%), зәрнәсілдің, холиннің, ауада ұшатын май қышқылдарының мардымсыз мөлшерлері енеді. Орташа есеппен тәулігіне 700-1300 мл тер шығарылады. Тер бөліну қарқыны ауаның температурасынан, терінің жағдайынан, негізгі зат алмасуының деңгейінен байланысты. Қоршаған ортаның температурасы жоғары болғанда, атмосфералық ауаның ылғалдығы аз болғанда, тері қызарғанда, парасимпатикалық жүйке жүйесінің межеқуаты көтерілгенде тер бөліну көбейеді. Керісінше, ол ұйқы немесе наркоз кезінде қатты азаяды немесе толығынан болмайды. Май бездерінің секреті 2/3 судан, 1/3 казеиннен, холестеролдан және кейбір тұздардан тұрады. Онымен бірге, тер бездерімен бос май және көпірмейтін қышқылдар, жыныстық гормондардың алмасу өнімдері т.б. шығарылады.
1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   ...   109

перейти в каталог файлов

Образовательный портал Как узнать результаты егэ Стихи про летний лагерь 3агадки для детей

Образовательный портал Как узнать результаты егэ Стихи про летний лагерь 3агадки для детей