Главная страница
Образовательный портал Как узнать результаты егэ Стихи про летний лагерь 3агадки для детей
qrcode

Клиническая патофизиология 2010. Алматы 2010 Кіріспе


НазваниеАлматы 2010 Кіріспе
АнкорКлиническая патофизиология 2010.doc
Дата05.01.2018
Размер22.3 Mb.
Формат файлаdoc
Имя файлаКлиническая патофизиология 2010.doc
ТипДокументы
#34144
страница34 из 109
КаталогОбразовательный портал Как узнать результаты егэ Стихи про летний лагерь 3агадки для детей
Образовательный портал Как узнать результаты егэ Стихи про летний лагерь 3агадки для детей
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   ...   109

Телеангиэктазия (грек. telos-соңы + angeion-тамыр + ektasis-кеңею) майда қылтамырлардың, орныққан дақ түрінде тұрақты кеңеюі. Оның туа біткен және жүре пайда болған түрлерін ажыратады. Туа біткен телеангиэктазия гендік ақаудың нәтижесінде ұрық даму кезінде қан тамыр-ларының қалыптасуы бұзылыстарынан дамиды (Рандю-Ослер ауруы). Жүре пайда болған түрі әртүрлі аурулар мен дерттік жағдайлар кездерінде байқалады. Мәселен, қызыл безеу, қызыл жегі, невус, бауырдың сүлде аурулары, жүрек қызметінің жеткіліксіздігі т.с.с. аурулар. Телеанги-эктазияның түсі күңгірт-қызыл немесе күрең-күлгін, диаметрі әртүрлі, сыртқы беті кедір-бұдыр, кейде тегіс, болады. Дақ теріден аздап шығып тұрады және саусақпен басқанда жоғалып кетеді.

Бұл кезде көптеген қылтамырлар кеңейіп қанға толады, олардың қабырғаларында дәнекер тін өседі.

Қышыма бөртпе (грек. urtica, орыс. волдырь) ішінде қуысы жоқ, ілезде пайда болып, із қалдырмай, бірнеше минут-сағаттың ішінде жоғалып кететін және қатты қышитын тері бөртпесі. Ол аллергеннің әсерінен немесе қалақай шөбі, жәндіктер (маса, шіркей) шағуынан кейін пайда болады. Оның даму негізінде биологиялық белсенді заттардың (гистамин, серотонин т.б.) әсерлерінен қылтамырлар қабырғаларының өткізгіштігі көтерілуі маңызды орын алады. Бұл кезде қан тамырларының кеңуі және шектелген жіті ісіну терінің бүртікті қабатында болады. Ісінулік сұйықта гистамин т.б. соған ұқсас биологиялық белсенді заттар анықталады.

Везикула (лат. vesicula-көбік) ішінде мөлдір сірнелі немесе қан араласқан сірнелі сұйығы бар, ұсақ қуыстардың пайда болуымен көрінетін тері бөртпесінің түрі. Ол жасуша аралық кеңістіктерге су жиналуынан бүлінген бүртікті қабаттың жасушалары жыртылуы нәтижесінде олар өзара бірігіп кетіп майда қуыстар пайда болуынан дамиды. Оның диаметрі 0,5 см-ге дейін болады және терінің бетінен шығып тұрады. Везикуланың көлемі үлкен болса оны күлдіреуік (грек. bulla, орыс. пузырь) дейді. Везикула эпидермисте немесе оның астында болуы мүмкін. Везикула немесе күлдіреуік кеуіп қабыршықтанады немесе жарылып, оның астында жалақ немесе ойық жара пайда болады. Оларға екіншілік жұқпалар қосылуынан ішінде ірің қалыптасады, іріңді бөртпеге немесе іріңдікке айналады. Ұсақ іріңді бөртпені пустула дейді.

Пустула (лат.pustula-іріңдік) ішінде іріңі бар қуыстан тұратын тері бөртпесінің түрі немесе іріңді бөртпе. Көпшілік жағдайларда пустула эпидермиске стафилококктардың, стрептококктардың және басқа микробтардың әсерлерінен дамиды. Пустула беткейлік (мүйізгек қабат астына немесе эпидермистің бүртікті қабатына тарайтын) және терінің терең қабаттарына тарайтын болады. Стрептококкткр мен стафилококктардан дамитын терінің жұқпалы ауруы кезіндегі беткейлік іріңді бөртпені импетиго (лат. impetigo) дейді (-сурет). Іріңді бөртпенің терең түріне шиқан, фолликулиттерді т.б. жатқызуға болады. Бұл кездерде тері тамырлары кеңейіп, олардың қабырғаларының өткізгіштігі көтеріледі, ісіну дамиды, нейтрофилдер мен бір ядролы лейкоциттер қабыну ошағына жиналады. Пустуланың диаметрі бірнеше мм-ден бірнеше см-ге дейін жетеді және ол айналасынан қабынулық қызыл жиекпен қоршалады. Пустула кеуіп сарғыш-жасыл қабыршаққа айналады, оны жарғанда оның астында жалақ немесе ойық жара ашылады.

- сурет. Бала бетіндегі іріңді бөртпелер.

Папула (лат. papula-түйін, түймешік) - тері бөртпесінің теріден шығып тұратын, ішінде қуысы жоқ, тығыз немесе жұмсақ құрылым іспеттес түрі. Оның көлемі мен пішіні әртүрлі болады, сыртқы беті тегіс болып, ондағы эпидермистің түлеп түсуі жиі байқалады. Папуланың түрі дерттік үрдістің ерекшеліктерінен байланысты болады. Ол із қалдырмай жоғалып кетуі мүмкін.

Түйін (грек. nodus, орыс. узел) теріде немесе шелмайда диаметрі бірнеше см-ден астам дөңгелек немесе сопақша құрылым. Ол жасушалардың қабынулық сіңбеленуінен, зат алмасу өнімдерінің (холестерин, кальций, зәр қышқылы тұздарының) жиналып қалуынан немесе өспе өсуінен пайда болады. Жіті қабыну кезінде түйін үстіндегі тері басында ашық қызыл түсті болса бірнеше күннен кейін күрең қызыл, артынан жасыл сары түс қабылдайды. Сүлде қабыну кезінде оның түсі көгілдір қоңыр болады. Түйіннің тығыздығы кейде жұмсақ (мәселен, тері мен шелмай туберкулезі және липома кезінде), кейде тығыз серпімді (мәселен, құлғана немесе алапес ауруы кезінде) болады. Ол толығынан жоғалып кетуі мүмкін, кейде жұмсарып ыдырауынан терең ойық жара қалтыруы ықтимал.

Төмпешік (лат. tuberculum, орыс. бугорок) терінің ішінде жасушалардың қабынулық өсіп-өнуінен пайда болатын және диаметрі 0,5 см-ге дейін, тығыздығы мен түсі әртүрлі түйіндермен көрінетін тері бөртпесінің түрі. Төмпешіктер бір бірімен бірігіп кетіп үлкен ошақты бүліністерге әкеледі. Ол жиі ойық жараға айналады және артынан тыртық қалдырады. Төмпешік мерездің соңғы сатысында, туберкулездік қызыл жегіде т.б. дерматоздарда байқалады.

Сызат - қабынулық үлкен сіңбелер кезінде, қатты құрғаудан немесе серпімділігі жоғалудан тері мен шырышты қабық тіндерірінің керілуі нәтижесінде ұзынынан жарылуы. Олар беткейлік және терең сызат болып ажыратылады. Біріншісі эпидермисте ғана болады және сірнелі сұйық бөліп шығарады, жазылғаннан кейін тыртық қалдырмай, эпителий қабаты қалпына келеді. Терең сызат эпидермиспен бірге тұтас дермаға немесе шырышты қабыққа дейін тарайды. Одан қан араласқан сірнелі сұйық бөлініп шығады, ол жиі қанайды, ауырусыну сезімі болады және артынан тыртық қалдырады.

Сызат табиғи қатпарлар аумағында (ауыз бұрыштарында, құлақ қалқаны артында, саусақ аралық, шап пен сан аралық, бөксе аралық қатпарларда) немесе жарақатқа жиі ұшырайтын жерлерде (мәселен, алақан, табан, буындар т.с.с.) кездеседі.

Терең сызат ерінде, саусақ аралық теріде, көтенде жиі сүлде түрде өтеді. Өйткені бұл аумақтар іріңдеткі бактериялармен, дерт туындататын майда саңырауқұлақтармен жиі жұқпаланады. Ұзақ уақыт болған сызат артынан қатерлі өспеге айналуы мүмкін.

Вегетация (лат. vegetation-қозып кету, өршіп кету) –эпидермис пен бүртікті қабаттың артық өсіп кетуінен олардың терінің сыртқы бетінен шығып тұруы. Оның себепкер ықпалдары болып жұқпалар, әсіресе ірің туындататын бактериялар, майда саңырауқұлақтар, вирустар және теріні тітіркендіретін химиялық заттар (сілтілер, қарамай, т.б.), йод, бром, мышьяктан жасалынған дәрілер есептелінеді. Вегетация дамуына терінің ластығы, жаратылыстық тесіктердің жанындағы қатпарлардың ылғалдығы мен үйкелістері, тершеңдігі мен май аққыштығы (себорея), қан мен лимфа іркілуі және тұтас организмде заттардың алмасуы бұзылыстары қолайлы жағдай туындатады. Біріншілік вегетациялық дерматоздарға сүйел, сүйір ұшты кондилома, сүйелді туберкулез т.с.с. дерттер жатады.

Лихенификация (грек. leichen-жұқпа, лишай) – тері бедерлерінің айқын көрінуімен сипатталатын оның дерттік жағдайы. Бүлінген тері тығыздалып, құрғайды, сыртқы беті кедір-бұдыр болып, терең жүлгелермен бөлінеді. Содан терінің бедерлері үш бұрышты, ромбыларға ұқсап айшықталады. Теріде гиперемия, гипер- және гипопигментация болуы мүмкін. Біріншілік лихенификация қасынудың нәтижесінде терінің ұзақ тітіркенуінен дамиды. Салдарлық лихенификация сүлде қабынулық сіңбелерден (мәселен, экзема кезінде) немесе жалпақ папулалардың бірігіп кетуінен (мәселен, псориаз, қызыл жалпақ лишай кездерінде) пайда болады.
Тері аурулары даму жолдарында теріде қан және лимфа айналым-дарының бұзылыстары маңызды орын алады. Содан гиперемия, ишемия, қан құйылу және ісіну дамуы мүмкін.

Гиперемия белсенді (артериалық) және енжар (веналық) қан кернеулері түрлерінде болады. Белсенді гиперемия кезінде тері ашық қызыл, температурасы ыстық болып, теріде қанайналым жылдамдығы артады және зат алмасу қарқыны күшейеді. Бұндай терінің қызаруы (эритемасы) жиі қабыну дамуының бастапқы сатысына сәйкес келеді. Кейде ол көңіл-күйдің қобалжуы нәтижесінде жоғары жүйке әрекеттерінің серпілістері ретінде пайда болады. Қабыну дамуындағы артериалық гиперемия қабыну медиаторы гистаминнің т.б. әсерінен қышу сезімімен қабаттасады. Веналық гиперемия кезінде тері көгілдірленіп (цианоз), температурасы төмендейді, теріде қан ағу жылдамдығы баяулайды, зат алмасу қарқыны төмендейді.

Ишемия артериолалардың қатты жиырылып қалуынан немесе тромбпен, эмболмен бітеліп қалуынан дамиды. Бұл кезде теріге келетін қан мөлшері және зат алмасу үрдістері қатты азаяды немесе мүлде тоқтайды. Тері бозарып, температурасы төмендейді. Кейде ишемия қайта әсерленген гиперемияға (мәселен, суық температураның әсері тоқталғаннан кейін) ауысады. Кейде көктамырлар мен қылтамырлар кеңеюінен артеролалардың қатты жиырылуы байқалмауы да ықтимал.

Теріге қан құйылу қан тамырлары жыртылып кетуінен немесе олардың қабырғаларының өткізгіштігі тым көтеріліп кетуінен байқалады. Бұл кезде басында тері қызарады, артынан гемоглобин ыдырауына байланысты күлгін, көк, жасыл және сары түс қабылдайды (толығырақ дақтарды қараңыз).

Тері ісінуі лимфа- және қанайналым бұзылыстарынан, уыттанудан, нәрленуінің өзгерістерінен т.б. себептерден пайда болады. Тері керіліп, жылтыр ақшыл түс қабылдайды, көлемі ұлғаяды, саусақпен басқаннан кейін онда шұңқыр қалады. Теріде қышыма бөртпе (волдырь) болғанда оның бүртікті қабатының тез өтетін ісінуі байқалады. Бұл бөртпе теріден шамалы ғана шығып тұратын, шекарасы айқын көрінетін, ішінде қуысы жоқ, түрі әртүрлі (сопақша, сызықша, жүзік тәрізді), бозғылт-қызылтым, қызыл немесе ақ түсті, қатты қышыйтын бөртпе. Ол есекжем, Дюринг ауруы және кейбір дерматоздар кездерінде байқалады. Қышыма бөртпе аллергиялық серпілістердің атопиялық тетігі бойынша (эндогендік) немесе қалақайдың әсерінен күйік болғанда, жәндіктер шаққанда (экзогендік) т.б. себептерден дамиды. Оның даму жолдарында бүртікті қабатта гистаминнің және басқа биологиялық белсенді заттардың әсерінен қылтамырлар қабырғаларының өткізгіштігі артып кетуі маңызды орын алады

.

Есекжем (грек. urticaria, орыс. крапивница) – кенеттен теріде қалақай шөбі тигеннен кейін болатын бөртпеге ұқсас, қатты қышыну сезімімен қабаттасатын, қышыма бөртпе пайда болуымен көрінетін дерт (-сурет). Ол әртүрлі тітіркендіргіштерге дамитын, жиі аллергиялық (атопиялық) серпілістерге жатады.



- сурет. Есекжем

Этиологиясы. Есекжемнің пайда болуында тұқым қуалаушылыққа бейімділіктің маңызы зор. Ол ұрпаққа дайын күйінде берілмей, тек оған қолайлы жағдай ғана беріледі. Қоршаған ортаның ықпалдарынан атопия дамуына бейімділік нағыз дертке айналады. Бұндай ықпалдар болып әр адамның өзіне ғана әсер ететін аллергендер есептеледі. Бүгінгі күні 20 шақты гендердің атопия дамуындағы мүмкіншіліктері қаралып жатыр. Атопиялардың көріністеріне қарай олардың көпшілігінің орналасу орындары анықталған. Бұл гендер 4,5,6,7,11,13,14 хромосомаларда орналасқан.

Сайып келгенде, атопиялық аурулардың дамуында IgE өндірілуі әдеттегіден артып кетуіне, аденилатциклаза ферментінің белсенділігі төмен болуына, сөлденістік IgA өндірілуі азаюына т.б. құбылыстарға әкелетін гендердің ауытқулары маңызды болуы ықтимал.

Есекжемнің жіті түрі қоршаған орта тітіркендіргіштерінің (қалақай шөбі, маса, қандала, ара, құмырсқа шағуы), суық температураның, күн сәулесінің әсерлеріне, организмге жақпайтын кейбір тағамдық заттарға (ет және балық консервілер, жұмыртқа, бал, кофе т.б.) және дәрі-дәрмектерге (антибиотиктерге, сульфаниламидтерге, ацетисалицил қышқылына, В-тобындағы витаминдерге, аминазинге т.с.с.) дамиды. Оның сүлде түрі организмде сүлде жұқпа ошақтары болуынан, зат алмасуларының уытты өнімдерінің әсерлерінен, ішек-қарын жолдарының, бауырдың және өт жолдарының аурулары кездерінде байқалады. Балаларда есекжем құрттардың әсерінен дамиды. Кейде есекжем бүйрек қызметінің жеткіліксіздігі, қантты диабет, қан аурулары, ішке сөлденіс бездерінің (қалқанша бездер, анабез) қызметтері бұзылыстары нәтижесінде пайда болады. Ол тұмаумен сырқаттану кезінде, әйелдердің ұрпақ өрбіту қызметінің бұзылыстарында, жүктілігі кездерінде де байқалуы мүмкін. Кейде есекжем аллергиялық дерттермен (бронхиалық демікпе, поллиноз) қабаттасады. Кейбір жағдайларда оның пайда болу себептерін анықтау қиындықтарға ұшырайды.

Патогенезі. Егер есекжем аутоуыттану, тағамға немесе бактерияларға сезімталдық көтерілуі сияқты эндогендік ықпалдарға дамыса, онда қан тамырларының бүліністері аллергиялық серпілістердің реагиндік 1-түрінің тетіктері бойынша дамиды. Атопия дамуында, анафилаксиялық серпілістерге сәйкес арнайы тетік болып, аллергенге жауап ретінде организмнің IgE – антиденелерді артық өндірілуі маңызды орын алады. Атопиялық ауруларға бейімділігі бар адамдарда Тх0 жасушаларының нақтылануы Тх2 жасушалар жағына басым болады. Тх2 жасушалары интерлейкин 4,5,10 т.б. медиаторлар шығарады. Бұлар, әсіресе интерлейкин-4, В-лимфоциттерінде G-иммундық глобулиндердің орнына IgE өндірілуін арттырады. Дені сау адамдарда IgE 0-ден 40-60 халықаралық өлшем/мл-ге (1 халықаралық өлшем -2,4 нг) дейін ғана болады. Ал, атопиялық аурулар кездерінде оның мөлшері 100-120 өлшемнен бірнеше мың өлшемге дейін көтеріліп кетеді. Кейде бұл аурулар кездерінде IgE-нің орнына IgG4 көбейеді. Оларда лаброциттер мен базофилдерге жабысып, аллергиялық антиденелердің міндетін атқарады.

Есекжем кезінде қышыма бөртпелердің пайда болуында қылтамырлар қабырғаларының өткізгіштігі көтерілуі өте маңызды орын алады. Бұл кезде қан тамырларының өзгерістері дамуына аллергиялық медиаторлардың (гистамин, серотонин т.б.) маңызы зор. Қанда гистамин деңгейінің көтерілуі әртүрлі себептерден пайда болған есекжеммен ауыратын науқастарда байқалады.

Кейде есекжем аллергиялық емес жолмен де дамуы ықтимал. Оның бұл жолмен дамуында арнайыланбаған бейспецификалық тетіктер елеулі орын алады. Бұл кезде:

● организмнің дербес (вегетативтік) жүйке жүйесінің өзара қатынасы бұзылуы; осыдан парасимпатыкалық жүйке жүйесінің межеқуаты көтеріліп, β2-адренергиялық жауап қайтарудың төмендеп кетуі;

● лаброциттер мен базофилдердің өз беттерінше ешбір себепсіз немесе әртүрлі иммундық емес түрткілерге (уыттарға, протеазаларға, дәрі-дәрмектерге, тағам өнімдеріне) жауап ретінде көптеп биологиялық белсенді заттар (гистамин, серотонин, простагландиндер т.б.) босатып шығару қабілетінің артып кетуі;

● қанда эозинофилдер көбейіп, олардың шырышты қабықтарда шоғырлануы – маңызды орын алады.

Жіті есекжем немесе сүлде есекжемнің ушығуы кездерінде қанда кининаза ферментінің белсенділігі төмендейді. Қатты шаршаудан, жан-дүниелік күйзелістерден, физикалық ықпалдардан дамыған есекжем даму жолдарында ацетилхолин қатысады.

Есекжем теріге сыртқы ықпалдардың тікелей әсер етуінен дамығанда қан тамырларының өзгерістері бұл ықпалдардың (мәселен, жәндіктер шағуы кездеріндегі уыттардың) алдымен эпителий қабатына және оның жүйкелік рецепторларына, артынан қан тамырларының қабырғаларына тікелей әсерлерінен болады.

Бұл дерт кезінде қан және лимфалық қылтамырлар кеңиді, терінің бүртікті қабатында шектелген ісіну және эпидермисте жасуша аралық ісіну пайда болады. Ісік үлкен көлемге жетіп шелмайға тарауынан квинке ісінуі дамиды. Есекжем кезінде тыныс жолдарының шырышты қабығы бүлінуінен тыныс алу ауырлайды, ұстамалы жөтел пайда болады, асфиксия дамуына қауіп төнеді.

Квинке ісінуі. (H. I. Quincke неміс дәрігері 1842-1922) – тері астындағы шелмай мен шырышты қабықтардың белгілі жерге орнығып немесе жайылып аяқ астынан ісінуі. Оны есекжемнің бір түрі ретінде қарайды. Сондықтан Квинке ісінуін алып есекжем деп те атайды. Бұл дертпен ересек адамдар, жиі әйелдер, мен балалар ауырады.

Этиологиясы. Пайда болу себептеріне қарай аллергиялық және аллергиялық емес Квинке ісінулерін ажыратады. Аллергиялық түрінің себептері болып тағамдық және дәрілік заттар есептеледі. Тағамдық аллергендерге жұмыртқа, сыйыр сүті, шоколад, жаңғақ, қызанақ, апельсин, мандарин, лимон, жидектер т.с.с. жатады. Жұмыртқаға аллергия болған кезде организмнің жоғары сезімталдығы жұмыртқаның ағына, сарысына немесе екеуіне бірдей болуы мүмкін. Оған сезімталдығы көтерілген адамдарда ауыр аллергиялық серпілістер (көмейдің қатты ісінуі) тіпті аз жұмыртқа қосылып даярланған тағам жеуден де дамиды. Бұндай адамдарда жоғары сезімталдық тауықтың етіне немесе қауырсынына да байқалады. Балаларда аллергияның көріністері эксудаттық диатез, пилороспазм, ішек түйілуі, құсу түрлерінде, артынан сыйыр сүтін қабылдай бастағаннан соң бірінші аптасында Квинке ісінуі дамуымен байқалады. Бір науқастың өзінде бірнеше аллергендерге сезімталдық көтерілуі мүмкін. Олардың біреуі (мәселен, тағамдық аллерген) Квинке ісінуін туындатса, екіншісі (мәселен, өсімдік тозаңы) бронхиалық демікпенің ұстамасы дамуына әкеледі.

Квинке ісінуі ішек-қарын жолдарының, бауыр мен ұйқыбез ауруларымен ауыратын адамдарда жиі кездеседі. Бұндай жағдайларда ас қорыту ферменттерінің жеткіліксіздігінен тағамдық заттардың ыдыратылуы бұзылудан дерт дамуына әкелетін екіншілі аллергендер пайда болады. Квинке ісінуі пайда болуында организмде сүлде (адамды мазасыздандырмайтын, жасырын) жұқпалардың болуы маңызды орын алады. Бұл жұқпалар организмнің бактерияларға сезімталдығын көтереді.

Дәрі-дәрмектердің ішінде антибиотиктер, ацетисалицил қышқылы, барбитураттар, новокаин, бромидтер, инсулин, емдік сарысулар, екпелер квинке ісінуі дамуына жиі әкеледі. Олардың соңғы екеуінен басқасы, тін нәруыздарымен байланысып, толық антиген пайда болуына әкелетін гаптендерге жатады. Солармен қатар, микробтарды жоятын, кір жуатын ұнтақ заттар, әсемдік бұйымдар, жәндіктерді жоятын заттар, бояулар квинке ісінуін дамытады. Мәселен, урсолмен кірпіктерді бояудан ауыр квинке ісінуі пайда болады. Кейде квинке ісінуі қол жұмысын атқарғаннан кейін дамуы мүмкін. Өйткені физикалық жүктемеден бұлшықеттерде аллергия дамытатын зат алмасу өнімдері түзіледі. Квинке ісінуі деммен түсетін аллергендерге де дамиды. Поллинозбен ауыратын науқастарда өсімдік тозаңдарына бұл дертпен бірге квинке ісінуі де байқалады. Тағамның, әтірдің, иіс судың, бояулардың әртүрлі иістеріне, теріге суық температура әсер етуіне, ара, маса, қандала т.б. жәндіктер шағуына квинке ісінуі пайда болады. Құрттар мен қарапайым жәндіктер организмде болуынан квинке ісінуі дамуы ықтимал.

Аллергиялық емес квинке ісінуі тұқым қуалайтын ауру. Ол ұрпақтан ұрпаққа үстем жолмен тарайды. Бұл кезде науқаста С1-эстераза ферментінің бәсеңсіткіші түзілуін қадағалайтын геннің ақауы болады. Сонымен бірге бұл дерт организмге гистамин және басқа аллергия медиаторлары босап шығуын арттыратын ықпалдарға пайда болады. Өт қышқылының тұздары, кейбір дәрі-дәрмектер және тағамдық заттар осындай ықпал етеді. Ұйқыбезде және ішектердің шырышты қабығында болатын калликреиноген әртүрлі әсерлерден калликреинге айналады. Калликреин қылтамырлардың қабырғаларының өткізгіштігін көтеріп квинке ісінуін дамытады.

Патогенезі. Аллергиялық және аллергиялық емес квинке ісінулерінің даму жолдары әртүрлі. Аллергиялық түрі аллергиялық серпілістердің 1-ші атопиялық түрімен өтеді. Бұл кезде аллергенге жауап ретінде өндірілген антидене IgE мес жасушаларының сыртқы бетіне Fc-бөлшегімен барып жабысады. Артынан аллерген қайталап организмге түскенде ол мес жасушаларының сыртқы бетіндегі IgE-нің Fab-бөлшегімен байланысуынан бұл жасушалардың түйіршіктері сыртына шығарылады. Осыдан қылтамырлар мен майда көктамырлардың жергілікті кеңеюіне және олардың қабырғаларының өткізгіштігі көтерілуіне, қоршаған тіннің ісінуіне әкелетін аллергиялық дәнекерлер (гистамин, кининдер, простагландиндер) босап шығады.

Аллергиялық емес квинке ісінуі дамуында иммундық серпілістер қатыспайды. Бұндай науқастардың қан сарысуында гендік ақаудың нәтижесінде С1-эстераза мен калликреиннің бәсеңсіткіштері азайған болады. Олар α2-нейрамино-гликопротеидтерге жататын нәруыздар. Сондықтан тұрмыстық немесе хирургиялық жарақат т.с.с. ықпалдар комплемент немесе калликреин-кинин жүйелерін жеңіл әсерлендіріп жібереді. Комплемент жүйесі тізбектеліп әсерленуінен С1-эстераза құрылады. Оның бәсеңсіткіші болмаған жағдайда әсерленген С1-эстераза комплементтің С2 және С4-құрамбөлшектерін ыдыратып, кинин тәрізді пептидтер түзілуіне әкеледі. Бұл пептидтер квинке ісінуі дамуында маңызды орын алады. Бұндай науқастардың терісіне калликреин енгізгенде тері қызарып, қатты ісінеді. Сонымен бірге аллергиялық емес квинке ісінуі даму жолдарында протеазалардың басқа бәсеңсіткіштерінің де (α1-антитрипсин, α2-макро-глобулин т.б.) тапшылығы орын алуы мүмкін.

Квинке ісінуі:

● тері астында шелмайдың және шырышты қабықтардың ісінуімен;

● көмейдің ісінуімен;

● ішек-қарын жолдарының ісінуімен;

● жүйке жүйесінің бұзылыстарымен – көрінеді.

√ Еріндердің, қастың, ұрттың, аяқ басының үстіңгі жағының, уманың күтпеген жерден бірнеше сағаттан бірнеше тәулік бойы ісінуі жиірек кездеседі. Бұл кезде теріде қышу сезімі болмайды. Өйткені ісіну тері астындағы тіндерге жайылады да, терідегі сезімтал жүйке аяқшалары қоздырылмайды. Ісіну ауыз қуысының шырышты қабықтарында, жиі тілде, жұмсақ таңдайда, жұтқыншақта, бөбешікте, бадамша бездерде болуы ықтимал. Бұл ісіну қалай тез арада пайда болса, солай тез жоғалып кетеді, бірақ ол қайталануы мүмкін. Кейде ісіну тек бадамша бездердің аумағында ғана болуы ықтимал. Бұл кезде оны шырышты баспа дертімен шатастырады.

√ Барлық жіті квинке ісінуінің 20-25%-ы көмекейдің ісінуімен көрінеді. Ол өте тез байқалады, науқастың тыныс алуы қиындайды, дауысы жоғалып, беті көгілдірленіп кетеді. Бұндай ұстама бірнеше минуттан жарты сағатқа дейін созылады. Артынан ол тоқталады, бірақ тыныс алудың қиындауы және дауыстың қарлығуы әлі біраз уақыт сақталады. Ұстама тоқталғаннан кейін бүлінген тіндер қалпына оралады. Ауыр жағдайларда көмейдің ісінуі үдей түсіп науқастың тұншығудан жан тапсыруына әкелуі мүмкін.

√ Ісіну өңеште, асқазанда және ішектерде болады. Бұл кезде шелмай ісінбеуі мүмкін. Содан квинке ісінуін аңғару қиындайды. Аяқ астынан іштің қатты ауыруы, толастамайтын құсу пайда болады. Құсық құрамында басында тағамдық заттар болса, артынан запыран араласады. Ішектердің ісінген жерлерінен жоғары бөліктері қатты толқи жиырылады және іштің кебуі байқалады. Кейде қатты ісінуден ішек бітелісі болады, ішек қабырғаларының қоректік заттармен қамтамасыз етілуі бұзылады. Ұстама кейде, ішек қабырғаларына қан құйылудан, үлкен дәретке қан араласқан қатты іш өтуімен аяқталады. Ауыр жағдайларда хирургиялық операция жасауға мәжбүрлік пайда болады.

√ Мыйдың, мый қабықтарының, ішкі құлақтың ісінулерінен жүйкенің бұзылыстары, шелмай мен шырышты қабықтардың ісінуіне қарағанда, сирегірек кездеседі. Беттің ісінуі кейде қояншық ауруына ұқсас ұстамалармен қабаттасады. Ол мыйдың сәйкес бөліктерінің ісінуінен дамиды. Сонымен қатар, ісінген мый тінімен көру жүйкесі қысылып қалудан көз көруінің бұзылыстары, бас айналуы, кекештену, гемиплегия байқалуы мүмкін.
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   ...   109

перейти в каталог файлов

Образовательный портал Как узнать результаты егэ Стихи про летний лагерь 3агадки для детей

Образовательный портал Как узнать результаты егэ Стихи про летний лагерь 3агадки для детей