Главная страница
Образовательный портал Как узнать результаты егэ Стихи про летний лагерь 3агадки для детей
qrcode

Клиническая патофизиология 2010. Алматы 2010 Кіріспе


НазваниеАлматы 2010 Кіріспе
АнкорКлиническая патофизиология 2010.doc
Дата05.01.2018
Размер22.3 Mb.
Формат файлаdoc
Имя файлаКлиническая патофизиология 2010.doc
ТипДокументы
#34144
страница42 из 109
КаталогОбразовательный портал Как узнать результаты егэ Стихи про летний лагерь 3агадки для детей
Образовательный портал Как узнать результаты егэ Стихи про летний лагерь 3агадки для детей
1   ...   38   39   40   41   42   43   44   45   ...   109

Жүйкесізденген бұлшықеттің қайта жүйкеленуі қимылдық жүйке талшықтарының өз бетінше өсуінен немесе хирургиялық әдіспен үзілген жүйке талшығын жалғаудан кейін байқалады. Тікелей қайта жүйкелену үзілген жүйкенің орталық кесіндісінен қимылдық жүйке талшықтарының өсуі арқылы қамтамасыз етіледі. Бұл үрдіс бірнеше сатыда өтеді. Бірінші сатысында жүйкелік-еттік синапстарда алдымен синапс алды, артынан синапс соңы құрылымдар бүлінеді, бүліну өнімдері фагоцитоз жолымен жойылады және жүйкесізденген бұлшықетті қоректендіруге қажетті қанайналым азаяды. Осындай жағдайды Уоллер дегенерациясы дейді. Екінші сатысында жүйкесізденген ет талшықтарынан және шванн жасушаларынан жүйкелердің өсу факторы (ЖӨФ) және молекулалардың адгезиялық факторы бөлініп шығады. Олар үзілген жүйкенің орталық ұшына өсуді сергітетін әсер етеді. Жүйкесізденген бұлшықетте жүйке үзілгеннен кейін 10-12 тәуліктен соң ЖӨФ өндірілуі қатты көтеріледі. Бұл фактор жүйке талшықтарының өсу бағытын анықтайтын хемотаксистік әсер етеді. ЖӨФ сезімтал және дербес жүйке нейрондары аксондарының соңғы рецепторларымен байланысады, сорылулық эндоцитоз жолымен аксонға өтеді және кері бағытта аксоплазмалық ағыммен ядроның айналасына ауысады да онда нейрондық нәруыздардың түзілуін реттейді.

Өсіп келе жатқан жүйке аяқшалары молекулалардың агрегациялық факторын босатып шығарады. Ол жаңа синапстық аумақтардың құрылуын арттырады немесе бар синапстардың көлемін ұлғайтады.

Үшінші сатысында өсіп келе жатқан жүйке талшықтары жүйкесізденген бұлшықетке жетеді және оның жасушаларымен түйіседі. Бұл кезде қалпына келе бастаған қимылдық нейронның денесінде нәруыздар түзілуі артады, олардың аксоплазмалық ағыммен жүйкенің өсіп келе жатқан аяқшаларына тасымалдануы күшейеді. Қалпына келе бастаған аксондар ет талшықтарының бұрынғы синапстық аумақтарында 7 тәулік ішінде «тұрпайы» синапстар қалыптастырады. Оларда әлі электр серпіндік белсенділік болмайды. Бұл синапстарда холинорецепторлардың агрегациясы болады. Ет талшықтарында осы рецепторлардың тығыздығы жоғары деңгейге жеткенде мотонейрон аксондарының аяқшаларына аз мөлшерде нейромедиатор шығарылуынан жекелеген әрекеттік потенциал өндірілу мүмкіншілігі пайда болады.

Төртінші сатысында «тұрпайы» синапстардың жетілуі арқылы нақтыланған жақсы жетілген синапс қалыптасады. Бұл кезде қалпына келе бастаған аксонның серпін туындататын белсенділігі қалпына келуі қажет. Ол түйіспе қатпарлары құрылуын арттырады және, түйіспе асты мембрананы қаптайтын, тіректік мембранада ацетилхолинэстераза жиналуын сергітеді. Бұл үрдіс аяқталғаннан кейін бір айға дейін иондық каналдардың ашылу мерзімі қысқарады, көптеген терминалдық аяқшалар жоғалады және жекелеген жүйке аяқшалары сұрыпталып соңғы табақшада тұрақталады. Бұл кезде синапстық саңылау 50 нм шамасында болады және ол болбыр жасушасыртылық затпен толады. Осымен бір мезгілде синапстан тыс аймақтарда сарколемманың қосымшы түйіспелер қалыптастыру қабілеті жоғалады, холинорецепторлар тек жаңадан құрылған соңғы табақшаларда шоғырланады. Нәрленісті жүйкелік қадағалау қалпына келуі қайта жүйкеленген бұлшықетте қоректенуге қажетті қан айналымды қалпына келтіреді. Бірақ бұлшықеттің қайта жүйкеленуі кезінде ет талшықтары мен сіңір рецепторларының саны азаяды.

Шапшаң бұлшықеттің кесілген жүйкесінің орталық ұшын шабан бұлшықеттің кесілген жүйкесінің шеткері ұшымен хирургиялық жолмен жалғағанда немесе кесілген жүйкенің орталық ұштарын басқа бұлшықетке қосқанда қиылысқан қайта жүйкелену пайда болады. Бұл кезде қайта жүйкелену сатылары қалпына келе бастаған жүйке мен жүйкесізденген сәйкес бұлшықеттің қайта жүйкелену сатыларына ұқсас болады. Дегенмен олардан біршама ерекшеліктері байқалады.

Шапшаң бұлшықеттің жүйкесін шабан бұлшықетке жалғағанда түйіспелік байланыс 22 апта аралығында кеш пайда болады. Өйткені бұл кезде шабан бұлшықеттерге тән тропонин, миозин, тропомиозин жаңа бағдарлама бойынша түзілуінің үйлесімі бұзылады. Әр ет талшықтарында шапшаң бұлшықеттерге ғана тән жоғарыда келтірілген жиырылғыштық нәруыздар байқалады. Шапшаң бұлшықеттің жүйкесімен жүйкеленген шабан бұлшықеттің жиырылу күші мен жылдамдығы қатты артады.Сонымен қатар онда гликолиздік белсенділік күшейеді. Ацетилхолинге сезімталдық негізінен соңғы табақшаларда шоғырланады, өз бетінше электр әлеуетін туындату қабілеті жоғалады. Қайта жүйкеленген бұлшықетте ет талшықтары мен сіңір рецепторларының саны азаяды.

Шапшаң бұлшықетке шабан бұлшықеттің жүйкесін жалғағанда да керісінше жағдай байқалады. Шапшаң бұлшықеттерге тән тропонин, миозин, тропомиозин түзілуі бұзылады, шабан бұлшықеттерге тән нәруыздар түзіле бастайды, шапшаң бұлшықет шабан бұлшықеттің қасиетін қабылдап, оның жиырылу күші мен жылдамдығы төмендейді, онда тотығулық ферменттердің белсенділігі көтеріліп, гликолиздің қарқыны азаяды. Сонымен қайта жүйкеленген бұлшықетте шабан бұлшықетке тән сарколемманың ацетилхолинге сезімталдығы пайда болады.
Қозудың жүйкеден бұлшықетке тарауы және жүйкелік нәрленістік ықпалдардың бұзылыстары

Жүйке-бұлшықеттік түйіспе қимылдық аксонның аяқшасынан, синапс саңылауынан және ет тінінің синапс соңылық мембранасынан тұрады. Қимылдық нейронның денесі ядросының айналасында және жүйке аяқшаларының аксоплазмасында холинацетилтрансфераза ферментінің қатысуымен ацетилхолин түзіледі. Оның 80% ға дейіні түйіспелік көпіршіктерге түседі. Бұл көпіршіктер пресинапстық мембрананың алдында жинақталады. Пресинапстық және постсинапстық мембраналардың арасында мөлшермен 60 нм синапстық саңылау болады. Ол жүйке және ет талшықтарының арасын байланыстыратын коллаген тәрізді болбыр затпен толады. Синапс соңы мембранада шынайы холинэстераза ферментінің молекулалары орналасқан. Холинорецепторлар постсинапстық мембрананың қатпарларының шыңдарындағы жасуша қаңқаларына бекітілген. Түйіспелерде өз бетінше және жүйкелік серпіндердің әсерлерінен нейромедиаторлар босап шығады. Өз бетінше нейромедиатордың босауы постсинапстық мембрананың жергілікті тұрақты деполяризациясын және сол арқылы бұлшықеттің қалыпты межеқуатын қамтамасыз етеді. Нейромедиатордың бірмезгілдендірілген квантты босауы соңғы табақшаларда потенциал туындатады, артынан,пресинапстық аймаққа аксонның бойымен әрекеттік потенциал түсуіне жауап ретінде, ет талшықтарында әрекеттік потенциал пайда болады. Жүйке аяқшаларының деполяризациясы электр серпіндердің әсерінен болады және ол потенциал-тәуелді Са2+ өзекшелерін ашып, Са2+ иондарының жасушалар ішіне енуін қамтамасыз етеді. Жүйке аяқшаларының реполяризациясы кезінде Са2+ иондары жасушалар сыртына шығарылады. Жүйке аяқшаларының ішіне енген Са2+ иондары, кальмодулинмен байланысып, синапстық саңылауға ацетилхолин босап шығуына ықпал етеді. Ацетилхолиннің бір молекуласы холинорецептормен байланысуы иондық каналды ашып, Na+ иондарының жасушаларға қысқа мерзімде енуін қамтамасыз етеді. Осыдан пайда болған жергілікті катион ағымдарының жинағы нәтижесінде соңғы табақшаның потенциалы, артынан ет талшығының әрекеттік потенциалы туындайды.

Жүйке-бұлшықет синапсының қалыпты түрткілену жиілігі шамамен минутына 20 серпінге дейін болады.

Қозудың жүйкеден бұлшықетке тарауы және жүйкелік нәрленістік ықпалдардың бұзылыстары:

• нейромедиатордың түзілуі ауытқуларынан,

• нейромедиатордың аксонның бойымен майда көпіршіктерге тасымалдануы бұзылыстарынан,

• нейромедиатордың қимылдық нейрондардың аяқшаларында жинақталуы ақауларынан,

• синапстық саңылауларда ацетилхолинэстеразаның қатысуымен ацетилхолиннің ыдыратылуы баяулауынан,

• постсинапстық мембранада холинорецепторлардың түзілуі, ыдыратылуы және жинақталуы бұзылыстарынан,

• жүйкелік серпіндерге жауап ретінде холинорецепторларда иондық өзекшелердің ашылу мерзімі мен тәртібі ауытқуларынан (баяу каналдық синдром) – байқалады.
Ацетилхолиннің түзілуі мен оның қимылдық жүйкелердің аяқшаларында жинақталуының ақаулары
Нейромедиаторлардың түзілуі, аксонның бойымен тасымалдануы, синапстық саңылауларға олардың шығарылуы т.б. АТФ энергиясын қажет етеді. Сондықтан энергияның тапшылығы кезінде бұл үрдістердің бұзылыстары байқалады. Энергияның тапшылығы:

• организмнің ұзақ ашығуы,

• жүйке тінінде ишемия, гипоксия дамуы,

• тотығулық ферменттердің белсенділігі химиялық улы заттармен тежеліп қалуы,

• митохондрийлардың құрылымдық бүліністері т.с.с. кездерінде пайда болады.

Синапстардың белсенді аумақтарына синапстық көпіршіктерден ацетилхолиннің Са2+ тәуелді босап шығуының өзгерістері қимылдық нейронға көптеген төтенше ықпалдардың әсерлерінен болады. Бұл жағдайларда физиологиялық тыныштық күйінде медиатордың өз бетінше босап шығуы және соңғы табақшаның мембраналық потенциалы, қимылдық жүйке талшықтарымен серпідер өтуі кездерінде соңғы табақшада потенциал туындауы қатты өзгеріп кетеді. Содан жүйкеден бұлшықетке қозудың химиялық берілуі және жартылай жүйкелік нәрленістік ықпалдар бұзылады.

Қанда катехоламиндердің, глюкокортикоидтардың немесе жасуша сыртылық сұйықта Са2+ иондарының шамалы мөлшерде көбеюіне әкелетін, жіті дерттік үрдістер кездерінде қозудың синапс алдылық берілуі жеңілдейді. Бұл жағдайларда қимылдық нейрон аяқшаларда адренорецепторлар арқылы пресинапстық мембранада тасымалдық Na+ - K+-АТФаза ферментінің белсенділігі көтеріледі. Содан АТФ ыдырауынан пайда болған энергия әрекеттік потенциал туындауы кезінде қимылдық жүйке талшықтарының аяқшаларына Na+ мен Са2+ енуін күшейтіп, пресинапстық толық деполяризация дамуын қамтамасыз етеді. Кальций иондарының нейрон ішінде көбеюі нейромедиатордың босап шығуын күшейтеді, сарколеммада Na+ - K+-АТФаза ферментінің белсенділігін төмендетіп, мембраналық потенциалдың деңгейін азайтады, иондық каналдар арқылы катиондардың енжар тасымалдануын арттырады. Осылардың нәтижесінде әрекеттік потенциалдың ауытқу аумағы үлкейеді. Бұл кезде сарколеммадан және саркоплазмалық торшалардан Са2+ иондарының саркоплазмаға түсуі көбейіп, тропонин-тропомиозин жүйесі әсерленуінен бұлшықеттің қатты жиырылуы болады. Екінші жағынан бұлшықетте саркоплазмадан Са2+ иондарының саркоплазмалық торшаларға белсенді тасымалданыуна қолайлы жағдай пайда болуынан бұлшықеттің босаңсуы болады.

Серпіндердің пресинапстық берілуінің бөгелуі:

• қимылдық жүйке аяқшаларының әсерлену жиілігі тым сирек болғанда,

• белсенді беткейлік заттардың (өт қышқылы т.б.) әсерлерінен6

• биологиялық сұйықтарда Са2+ иондарының мөлшері аз болғанда,

• биологиялық сұйықтарда Mg2+ иондарының мөлшері тым артық болғанда – байқалады. Қозу өткізілуінің бөгелуі пресинапстық мембранада Na+ - K+-АТФаза ферментінің белсенділігі тежелуінен, АТФ ыдыратылуының шектелуінен және пресинапстық толық деполяризация болмауынан байланысты дамиды. Сондықтан:

• әрекеттік потенциал пайда болу кезінде пресинапстық жүйке аяқшаларына Na+ мен Са2+ иондарының енуі азаяды,

• ацетихолин босап шығуы шектеледі,

• сарколеммада тасымалдық Na+ - K+-АТФаза ферментінің әсерсізденуі әлсірейді,

• мембраналық потенциал төмендемейді,

• иондық каналдарда катиондардың енжар тасымалдануы қалыпты деңгейге жетпейді. Осыдан соңғы табақшаның мембраналық потенциалы мен соңғы табақшалық потенциал туындауы қатты тежелуден жүйке талшықтарымен ары қарай тарайтын әрекеттік потенциалдың шегіне жетуі қиындайды. Осылардың нәтижесінде бұлшықеттің жиырылу күші қатты төмендейді.

Қимылдық жүйке аяқшаларында ацетилхолиннің тұрақты өзіндік шығарылуының бұзылуы аксондық тасымалдану тежелуінің барлық түрлерінде (жүйкелік жұқпалар, нейрондардың денесінде нәруыздар түзілуінің ауыр бүлінстеріне әкелетін жүйке уыттанулары) байқалады. Бұл жағдайларда ацетилхолиннің өзіндік босап шығуы болмағандықтан соңғы табақшаның тұрақты жартылай деполяризациясы болмайды және нысана бұлшықетте дистрофия дамиды.

Ацетилхолиннің Са2+-тәуелсіз өз бетінше белсенді аумақтардан тыс босап шығуының бұзылуы синапс құрылуының бәсеңсуі кездерінде байқалады. Әдетте синаптогенез бұлшықеттің қайта жүйкеленуіне қажетті ет талшықтарымен синапстық байланыстырды қалыптастырады. Ацетилхолиннің Са2+-тәуелсіз өз бетінше босап шығуының болмауынан синаптогенез қатты әлсірейді.
Ацетилхолинэстеразаның шынайы тапшылығы
Ацетилхолинэстеразаның шынайы тапшылығы ауыл шаруашылығында және үй тұрмысында жәндіктерді жою үшін фосфорорганикалық қосындыларды (ФОҚ) қолданатын адамдарда жиі байқалады. Соғыс кезінде зоман, зарин сияқты улы газдарды пайдаланудан жалпылама барлық адамдар мен жануарларда ацетилхолинэстеразаның шынайы жеткіліксіздігі болады. Бұл ферменттің тапшылығынан синапстық құрылымдардың холинорецепторларына ацетилхолин әдеттен тыс ұзақ мерзім әсер етеді. Осыдан сарколеммада тасымалдық Na+ - K+-АТФаза ферментінің әсерсізденуі қатты күшейеді, мембраналық потенциал төмендейді, иондық каналдарда катиондардың енжар тасымалдануы артады. Осыдан соңғы табақшаларда мембраналық және әрекеттік потенциал туындауы көбейеді. Саркоплазмаға сарколеммадан Са2+ иондары көбейіп, ет талшықтарының жиырылғыштығы артады. Содан бұлшықеттердің (олардың дірілі, жыпылықтауы, тырыспа-селкілдек дамуы) өз беттерінше бейберекет жиырылулары болады.
Холинорецепторлардың түзілуі мен жүйке-бұлшықет синапстарының пре- және постсинапстық мембраналарында олардың жинақталуының ақаулары
Жүйкеден серпіндердің бұлшықеттерге берілуі бұзылыстарының бұл түрі негізінен аутоиммундық бүліністеріден дамиды.

Жүйке-бұлшықет түйіспелерінің постсинапстық мембранасы онда арнайыланған антиденелердің жиналуынан аутоиммундық бүліністерге ұшырайды. Мәселен, ауыр миастения ауруы кезінде тектік ақаудың нәтижесінде тимоциттердің қызметі өзгереді, тимозин мен Тхелпер лимфоциттерінің артық өндірілуі болады. Гендік қадағалаудың бұзылыстарынан меншік бұлшықеттердің постсинапстық мембранасындағы холинрецепторлға IgG түрінде антиденелер өндіріледі. Бұл антиденелер постсинапстық мембранамен байланысуынан комплементтің С3 құрамбөлшегі әсерленеді. Осыдан холинорецепторлар ыдыратылып, постсинапстық мембранада олардың саны азаяды. Пресинапстық құрылымдар өзгерістерге ұшырамайды. Бүлінген түйіспелерде мембраналық потенциал біршама төмендейді, иондық каналдарда катиондардың енжар тасымалдануы әлсірейді, электр потенциалдар туындауы қиындайды. Осыдан сарколеммадан саркоплазмаға Са2+ иондары шығарылуы азаяды, ет талшықтарының жиырылу қабілеті төмендейді. Ауыр миастения кезінде барлық бұлшықеттердің әлсіздігі және тез шаршағыштығы байқалады, көз қасының төмен түсіп тұруы, бет еттерінің шаласалдануы, жұтыну, сөйлеудің бұзылыстары, аяқ-қол бұлшықеттерінің қатты әлсіздігі орын алады.

Н-холинорецепторларына IgG түріндегі аутоантиденелер өндірілгенде және олар пресинапстық құрылымның белсенді аумағында байланысудан жүйке-бұлшықет қосылыстарының пресинапстық мембранасының аутоиммундық бүлінісі (Итон-Ламперт синдромы) пайда болады. Сонымен қатар антиденелер пресинаспстық аумақта потенциал тәуелді кальций каналдарын бөгейді және олардың санын азайтады. Антиген мен антидене байланысуынан холинорецепторлар бүлінеді, қимылдық нейрондардың аяқшалар жүйкелік серпіндерге жауап ретінде медиатор бөліп шығару қабілетін жоғалтады. Бұл кезде медиатор түзілуі мен көпіршіктерде жинақталуы қалыпты деңгейде сақталады. Жүйкеден бұлшықетке қозудың өткізілуі бөгелуден бұлшықет жиырылуларының әлсіздігі болады.

Қан жүйесінің патофизиологиясы
Қан өндіретін ағзалардың (сүйек кемігі, тимус, көкбауыр, лимфалық түйіндер) құрылымы дәнекер тіннен, ұлпасынан (паренхимасынан), қан тамырларынан тұрады. Ұлпалық және стромалық жасушалардың өзара тығыз орналасуынан олардың өзара байланысуы қамтамасыз етіледі және жасуша аралық жанасу жеңілдейді.Ұлпа жасушалары ұдайы өсіп-өніп, тура өздерінен айнымайтын жаңа жасушаларға ауысып тұрады және белгілі мерзім келгенде апоптозға ұшырап, тіршілігін жоғалтады.

Сүйек кемігінде барлық қан түйіршіктеріне аналық жасуша болатын, «бағаналық» деп аталатын жасушалар болады. Бұл жасушалардың өсіп-өну қабілеті өте жоғары болады. Содан олар ұдайы дамып, бөлініп көбейіп тұрады. Осының нәтижесінде орта есеппен тәулігіне тіршілігін жоғалтқан 1•1011 қан түйіршіктерінің орны толықтырылады. Осылай тіршілігін жойған қан түйіршіктері мен жаңадан өндірілген түйіршіктердің арасында қатаң тепе-теңдік сақталып тұрады. Сүйек кемігінде бағаналық жасуша миелопоэздік және лимфопоэздік аналық жасушаларға айналады. Миелопоэздік аналық жасуша колония құратын бірліктерге айналып, ары қарай эритроциттердің, нейтрофилдердің, тромбоциттердің, эозинофилдер мен базофилдердің, моноциттердің өндірілуіне әкеледі. Лимфопоэздік аналық жасушадан Т- және В-лимфоциттері өндіріледі (қан өндірілу кестесін қараңыз).

Бағаналық жасушалардың өсіп-өнуі, жетілуі және нақтылануы олардың айналасында орналасқан жасушалардың реттеуші әсерлерінен байланысты болады. Бұл жасушаларға, сүйек жасушаларынан басқа, макрофагтар, лифоидтық және басқа жасушалар жатады. Оларды тіректік (стромалық) жасушалар дейді. Бұлар қан түйіршіктері өндірілуіне қажетті, суда жақсы еритін, гемопоэздің өсу факторларын өндіріп шығарады. Олар көмірсулары мен нәруыздардан тұратын болғандықтан гликопротеидтік гормондар делінеді. Бұл гормондар барлық қан өндіретін жасушалардың тіршілік етуіне, бөлініп көбеюіне, дамуына, нақтылануына және олардың өздеріне тән міндеттемелерін атқарулары үшін өте қажет.

Гемопоэздік өсу факторларына бағаналық жасушалардың гемопоездік факторы (БЖГФ) колония құрылуын сергітетін факторлар (КҚСФ), гранулоциттік КҚСФ, гранулоциттік-макрофагтық КҚСФ, интерлейкин-3,6,7 жатады.

Бағаналық жасушалардың гемопоездік факторы (БЖГФ) әртүрлі аналық жасуша-лардың өсіп-өнуін сергітетін полипотентті түрткі болады. Миелопоезде ол гранулоциттерді, гранулоциттер мен макрофагтарды сергітетін факторлар, интерлейкин-3, эритропоезде - эритропоетин, мегакариоцитопоезде - интерлейкин-6, лимфопоезде – интерлейкин-7, мес жасушаларының өсіп-өнуінде – интерлейкин-3 сияқты факторлармен қосарласып әсер етеді.

Макрофагтардың қабынулық α-нәруызы негізінен бағаналық жасушаның пролифера-циясын күшейтеді. Қызыл сүйек кемігінің бағаналық жасушаларына БЖГФ мен макрофагтардың қабынулық α-нәруызымен қатар гликопротеиндер, гранулоциттер мен макрофагтар құрылуын сергітетін колония құрылуын сергітетін факторлар қатысады.

Гранулоциттік КҚСФ моноциттерде, фибробластарда өндіріліп шығарылады және ол негізінен нейтрофилдердің құрылуына әсер етеді. Бұл фактордың көп өндірілуінен нейтрофилдік лейкоцитоз дамиды.
1   ...   38   39   40   41   42   43   44   45   ...   109

перейти в каталог файлов

Образовательный портал Как узнать результаты егэ Стихи про летний лагерь 3агадки для детей

Образовательный портал Как узнать результаты егэ Стихи про летний лагерь 3агадки для детей