Әйелдердің ұрпақ өрбіту жүйесі
Әйелдердің ұрпақ өрбіту қызметі гипоталамус-гипофиз-анабез жүйесімен (ГГАЖ) реттелінеді. Қыз бала дамуының бастапқы кезеңінде ГГАЖ әйелдерге ғана тән гипоталамус пен лимбикалық жүйе ядроларының нақтылануын қадағалайтын гормондар өндіреді. Кейде олар еркектерге тән қасиеттерге нақтылануы да мүмкін. Содан кәмелетке жеткен бойжеткенде жыныстық тәртіп қалыптасады. Гипоталамус пен лимбикалық жүйе ядроларының нақтылану жағына қарай гетеросексуалды, бисексуалды немесе гомосексуалды әйелдер болуы мүмкін. Әйелдерде ГГАЖ реттеуші қызметі өте күрделі болып келеді.
ГГАЖ белсенділігі қыздардың жыныстық жетілуіне және кәмелетке толған әйелдердің ұрпақ өрбіту қабілетіне әсер етеді. Бұл жүйенің реттеуші әсері фоллитропин (фолликулинді жетілдіретін гормон), лютропин (лютеиндейтін гормон), пролактин, ингибин, эстрогендер, прогестерон сияқты гормондардың және олардың алмасу өнімдерінің қатысуымен қамтамасыз етіледі. Мыйдың сыртқы қыртысынан түсетін серпіндерге гипоталамуста өндірілетін гонадолиберин алдыңғы гипофизде фоллитропин, пролактин өндірілуін арттырады. Фоллитропин мен пролактин анабез фолликулаларының арнайы рецепторларына әсер етіп эстрогендер мен ингибин түзілуін күшейтеді. Эндокриндік жүйенің кері байланыс арқылы өзін-өзі реттеу заңдылығы бойынша ингибин аденогипофизге, эстрогендер гипоталамустың ядролары мен алдыңғы гипофиз жасушаларына тежегіш ықпал етеді. Лютропин анабездің сарғыш денешіктері жасушаларының рецепторларына әсер етіп прогестерон түзілуін арттырады. Ол өз алдына гипоталамус пен аденогипофиздің қызметтерін бөгейді.
Фоллитропин анабездерде фолликула дамуына әкелетін негізгі гормон. Ол қандағы инсулин тәрізді өсу факторына фолликулалардың арнайы рецепторлары түзілуін және олардың белсенділігі көтерілуін сергітеді. Анабездер жасушаларының сыртқы қабығында бұл рецепторлардың көбеюі инсулин тәрізді өсу факторын байланыстыруды күшейтеді. Бұл өсу факторы, гипофизде өндірілетін гонадотропиндердің әсерін күшейтіп, анабездерде эстрогендердің, прогестеронның өндірілуін арттырады, фолликулалардың өсуін ширатады және, олардың бітелуіне қажетті зат болатын, протеогликандардың түзілуін күшейтеді. Қанда эстрогендердің деңгейі көтерілуі аденогипофизде фоллитропин түзілуін тежейді. Содан үстем фолликуладан басқалары түгелінен бітеліп қалады.
Лютропин және оның хориондарда түзілетін түрі овуляция мен жүктіліктің өтуінде өте маңызды қызмет атқаратын полипептидтік гормон. Оның түзілуі және қанға босап шығуы, эстрогендердің деңгейі қанда көбейгенде артады. Бұл кезде фоллитропиннің өндірілуі тежеледі. Лютропиннің қанға босап шығуын Р(пи)-заты, қоздырғыш аминқышқылдары (глутамин, аспарагин), катехоламиндер, Y-нейропеп-тид күшейтеді. Лютропин сарғыш денешіктер жасушаларының беттеріндегі арнайы рецепторларға әсер етіп, олардың қызметтерін ширатады және реттейді. Содан сарғыш денешіктерде прогестерон түзіледі. Лютропиннің өндірілуі көбеюден аналық жасушаның (ооцитің) дамуы мен сарғыштануына ингибиннің тежегіш әсері біртіндеп азаяды. Сонымен қатар, бұл гормон анабездерде тінаралық жасушалардың өсіп-өнуін, фолликулалардың өсіп жетілуін, фолликулалық сұйықтың бөлініп шығарылуын сергітеді. Түйіршікті аумақ жасушаларының өсіп-өнуінен фолликуланы қаптайтын қабық қалыптасады. Лютропин аналық жасушада нәруыздар түзілуін сергітіп, оның сыртқы қабығында сперматозоидпен өзара әрекеттесетін орын қалыптасуына ықпал етеді.
Ингибин жыныстық кәмелетке толған әйел анабездерінің түйіршікті аумақ жасушаларында өндірілетін пептидтік гормон. Оның түзілуін фоллитропин арттырады, прогестерон тежейді. Ингибин өндіріліп шығарылуы фолликуланың жетілуімен және ароматаза ферментінің белсенділігі көтерілуімен қатар жүреді. Лютеинделу ингибин өндірілуін тежейді. Ингибин аденогипофизге әсер етіп фоллитропиннің түзілуі мен қанға босап шығуын, оның қандағы мөлшеріне қарай, азайғанда ширатады, көбейгенде тежейді.
Пролактин негізінен жүктілік кезінде гипофиздің қышқылдарға үйір (ацидофилдік) жасушаларында түзіледі. Бұл гормон емшектің өсуін, сүт өндіріліп шығарылуын сергітеді, сарғыш денешіктің белсенділігін көтереді және жүктілік кезінде ұрықтың осмостық реттелуіне қатысады. Пролактиннің әсері эндогендік опиоидтардың қатысуымен күшейеді. Жүкті емес әйелдерде пролактин етеккір келу оралымының сатыларына қарай мезгіл-мезгіл өндіріледі. Өйткені пролактин өндіріліп шығарылуының қарқыны қандағы эстрогендердің деңгейінен байланысты болады. Пролактиннің өндірілуін: гипоталамустың пептидтері сергітеді, соматостатин, дофамин т.б. тежейді, эндорфиндер мен энкефалиндер, Р(пи) заты, вазопрессин қалыпты деңгейге келтіреді.
Гипоталамус-гипофиз-анабез жүйесінің құрамында дофамин-ергиялық нейрондардың белсенділігі бұзылуынан және аденогипофиздің пролактин өндіретін ацидофилдік жасушаларында өспе болуынан гиперпролактинемия дамиды және емшектен сүтке ұқсаған ақ сұйық бөлініп шығарылады (галакторея).
Эстрогендер жүкті емес әйелдердің анабездер жасушаларында тестостероннан немесе андростендионнан түзіледі. Қалыпты овуляциялық оралым кезінде эстрогендердің 95%-дан астамы үстем фолликула мен сары денешікте өндіріліп шығарылады. Жүктілік кезінде олармен қатар бала жолдасында да өндіріледі. Жыныстық кәмелетке келген қыздарда эстрогендердің өндірілуі көбейіп, ересек әйелдерге тән оралымдық қабілет қабылдайды.
Қанда бұл гормондар бос күйінде және нәруыздармен (гликопротеиндермен) байланысқан түрде болады. Қан сұйығында эстрогендердің артығы бауырда әсерсіздендіріліп, өтпен және несеппен сыртқа шығарылады. Бос эстрогендердің нысана-ағза жасушаларымен пайдаланылуы цитоплазмада болатын арнайы рецепторлардың қаты-суымен болады. Бұл рецепторлар әдетте эстрадиолмен байланысады. Эстрогендердің мөлшері қанда қалыпты деңгейде болғанда олар жатыр мен іншек тіндерімен байланысады. Олардың деңгейі көтеріліп кеткенде эстрогендер барлық тіндерге тарайды. Эстрогендер организм жүйелеріне көптеген әсер етеді:
ОЖЖ нейрондарының ядроларында, әйелдердің жыныстық нәпсісін қадағалайтын, арнайыланған цитоплазмалық рецепторлар түзілуін арттырады;
аденогипофизде фоллитропин өндіріліп шығарылуын тежейді; өйткені: эстрогендер алдыңғы гипофиздің жасушаларында мРНК транкрипциясына тікелей тежеуші ықпал етеді; бұл әсер дамып келе жатқан фолликулаларда түзілетін ингибиннің әсерімен қосарланады;
іншектің шырышты қабық жасушаларының өсуін күшейтеді, оларда гликоген түйіршіктері жиналуын туындатады, іншекке қышқыл өнімдердің шығарылуын күшейтіп, онда қышқыл орта болуын қамтамасыз етеді;
жатыр түтігі мен миометрийдің өсуін ширатады, олардың окситоцинге сезімталдығын көтеріп, қимылдық әрекеттерін күшейтеді;
эндометрий бездерінің жасушалары өсіп-өнуін арттырады;
емшек жасушаларының өсіп-өнуін ширатады, емшек ұшы қалыптасуында, емшекте сүт өзектері мен бездік құрылымдардың дамуында маңызды орын алады; бездік жасушалардың өсіп-өнуі артуын эстрогендердің әсерінен әртүрлі өсу факторларының (ауыстыратын α-өсу факторы, фибробластардың өсу факторы, инсулин тәрізді өсу факторы т.с.с.) көп өндірілуінен болады;
нысана-ағзаларда түзілістік үрдістерді күшейтіп, әйелдерге тән дене бітімі, майлардың жиналуы, екіншілік жыныстық белгілердің пайда болуы сияқты құбылыстарды қалыптастырады. Бірақ қасаға мен қолтық астына жүн шығуы бүйрек үсті бездерінің сыртқы қабатында өндірілетін андрогендік гормондардың әсерінен болатынын есте сақтау қажет.
Қанда эстрогендер азайғанда лютропин өндірілуі артады, керісінше, олар көбейгенде - кемиді. Эстрогендер андрогендер мен пролактиннің әсерін әлсіретеді. Олар көптеген ағзалар мен тіндерде нәруыздар түзілуін күшейтеді, кортикотропин өндіріліп шығарылуын арттырады, остеобластардың белсенділігін көтеріп, сүйек өсуін және организмде кальций жиналуын жақсартады.
Гестагендер анабездердің түйіршікті жасушаларында, бүйрек үсті бездерінің сыртқы қабаты жасушаларында және жүктілік кезінде бала жолдасында өндіріледі. Әйелдерде негізгі гестаген болып прогестерон есептеледі. Ол андрогендерге, эстрогендерге және глюкокортикоидтарға айнала алады. 10-12 жасқа дейінгі қыз балалардың қан сұйығында гестагендер өте аз болады. Жыныстық кәмелетке толу кезеңінде ол үдемелі түрде көбейеді және оның түзілуі оралымды түрде мезгіл-мезгіл болады. Жүктілік кезінде гестагендердің түзілуі қатты көтеріліп, қан сұйығында оның деңгейі үлкен деңгейге жетеді.
Бөлініп шыққан прогестеронның басым бөлігі нәруыздармен байланысып, биологиялық белсенділігін жоғалтады. Бос гестагендердің артығы бауырда ыдыратылып, өтпен және несеппен сыртқа шығарылады. Организмде сұйықпен айналып жүрген прогестерон нысана-жасушалардың цитоплазмасындағы арнайыланған рецепторлармен байланысады. Прогестерондық рецепторлар андрогендермен де байланыса алады. Ұрпақ өрбіту жүйесінде прогестерон лютропиннің, пролактиннің өндірілуін тежейді, фоллитропиннің түзілуін күшейтеді, эстрадиолдың белсенділігі аз эстрон мен эстриолға ауысуын тездетеді. Жатырда бұл гормон эндометрийдің бездік әрекетін өзгертіп, оның ұрықтанған аналық жасушаны қабылдауына дайындығын арттырады. Осымен бір мезгілде ол жатырдың қимылдық әрекеттерін тежеп, миометрийдің окситоцинге сезімталдығын азайтады, емшекте сүт безі жасушаларының өсіп-өнуін арттырады. Түйіршіктелетін жасушаларда прогестерон жиналуы олардың өсіп-өнуін тоқтатып, цитоплазмасының көлемін ұлғайтады. Осыдан үстем фолликуланың қабырғасы керіледі және прогестерон түзілуі тежеледі. Бұл өз алдына фоллитропин түзілуі жаңаруына қолайлы жағдай туындатады. Фоллитропиннің мөлшері көбеюі фолликулада лизосомалық ферменттерді босатып, коллагендік қаңқаны ыдыратады. Осы жағдайларда ұрық тасымалдайтын төмпешік пен ооцит фолликуланың қабырғасынан бөлінеді, цитозолде простагландин Е2 түзілуі артады. Ол фолликуланың тегіс салалы еттерін жиырып, оның жарылуына әкеледі, овуляция дамиды.
перейти в каталог файлов
| Образовательный портал
Как узнать результаты егэ
Стихи про летний лагерь
3агадки для детей |