Главная страница
Образовательный портал Как узнать результаты егэ Стихи про летний лагерь 3агадки для детей

Клиническая патофизиология 2010. Алматы 2010 Кіріспе


Скачать 22.3 Mb.
НазваниеАлматы 2010 Кіріспе
АнкорКлиническая патофизиология 2010.doc
Дата05.01.2018
Размер22.3 Mb.
Формат файлаdoc
Имя файлаКлиническая патофизиология 2010.doc
ТипДокументы
#34144
страница106 из 109
КаталогОбразовательный портал Как узнать результаты егэ Стихи про летний лагерь 3агадки для детей
Образовательный портал Как узнать результаты егэ Стихи про летний лагерь 3агадки для детей
1   ...   101   102   103   104   105   106   107   108   109

Әйел денесінің жүктілікке бейімделуі және оның бұзылыстары

Жатыр түтігінің кеңейген жағында аталық және аналық жасушалар қосылуы нәтижесінде пайда болған зигота түтіктің тегіс салалы еттері толқи жиырылуынан жатыр қуысына қарай ығыстырылады. Жатыр түтігінің эпителий жасушаларындағы жыпылық кірпікшелерінің әсерінен зигота аз нақтыланған туынды жасушаларға (бластомерлерге) митоздық жолмен бөлінеді. Осылай бір жасушалы зигота 8-10 жасушадан тұратын көп жасушалы ұрыққа айналады. Әдетте ұрықтанғаннан кейін 3 тәулікте ұрық жатыр қуысына түседі. Онда жасушалардың көбеюі қатты артады және 5,5 тәулікте ұрық қуыс көпіршік тәрізді пішін қабылдайды. Оны бластоцист дейді. 7 тәулік ішінде ұрық жатырдың шырышты қабығына енеді, имплантация басталады. Бұл кезде ұрық протеолиздік ферменттер шығарып шырышты қабықты ыдыратады. Содан ол тұтасынан шырышты қабықтың барлық қабатына енеді де, ары қарай дами береді. Шырышты қабықта пайда болған тесік осы қабықтың тұтастығын қалпына келтіруінен жатыр қабырғасына енген ұрықты қаптап қайта жабылады. Ұрықтың жатыр қабырғасына имплантациясын жүктіліктің басталуы деуге болады. Өйткені осы кезден бастап әйел организмінде гормондық өзгерістер байқалады.

Жүктілік кезінде әйел денесінде күрделі де көптеген өзгерістер пайда болады. Бұндай физиологиялық өзгерістер құрсақ ішінде ұрық дамуына қолайлы жағдай туындатады, әйел организмін босануға және бала емізуге дайындайды.

Бұл кезде анасы мен ұрықтың арасында өзара байланысқан иммундық серпілістер кешені пайда болады, анасында жүктілік үстемділігі немесе гестациялық доминанта қалыптасады. Жүктілік үстемділігі - деп жатырда ұрық дамуына қажетті оңтайлы жағдайларды қамтамасыз ететін екіқабат әйел денесінің ерекше күйін айтады.

Бұл кезде жатырдың шырышты қабығына ұрық енгеннен кейін ОЖЖ-де сәйкес қозу ошақтары пайда болады. Бұл кезде жатырдың интерорецепторларынан мыйға бағытталған тұрақты серпіндер туындап тұрады. Бұл серпіндер жүктілік даму тетіктерінде өте маңызды орын алады.

Жүктіліктің бастапқы айларында мый қыртысының қозымдылығы төмендейді. Содан қыртыс асты құрылымдар мен жұлын орталықтарының рефлекстік әрекеттері күшейеді. Артынан мый қыртысының қозымдылығы көтеріледі және ол жүктіліктің соңына дейін сақталады.

Босану кезінде мый қыртысының қозымдылығы қатты төмендеуінен жұлынның қозымдылығы көтеріледі. Жүктіліктің соңында мый мен жұлынның арақатынасы осылай өзгеруінен жұлындық рефлекстер күшейеді, жатыр етінің қозымдылығы көтеріледі.

Ішке сөлденістік бездер. Жүктілік кезінде ішке сөлденістік бездерде ауқымды өзгерістер пайда болады. Жүктілік басталысымен анабездер біраз үлкейеді, оларда овуляция тоқталады; анабездердің бірінде сарғыш денешік қызмет атқарады. Оларда өндірілетін прогестерон, және аз мөлшерде эстрогендер, жүктіліктің дұрыс дамуына қолайлы жағдай туындатады. Жүктіліктің төртінші айынан кейін бала жолдасы гормон өндіре бастауына байланысты сарғыш денешік кері дамиды.

Бала жолдасы қуатты ішке сөлденістік без болады. Онда көптеген стероидтық және нәруыздық гормондардың түзілуі, секрециясы және өзгерістері болады. Бала жолдасында нәруыздық (хориондық гонадотропин, хориондық соматома-ммотропин) және стероидтық (гестагендер мен эстрогендер) гормондар өндіріледі.

Хориондық гонадотропин биологиялық қасиеті бойынша гипофиздің лютропиніне ұқсайды. Бұл гормон анабезде сарғыш денешіктің қызметі сақталуына, ұрықта бүйрек үсті бездері мен жыныстық бездер дамуына, бала жолдасында стероидтардың алмасуына ықпал етеді.

Хориондық соматомаммотропин химиялық және иммуно-логиялық қасиеттері бойынша аденогипофиздің өсу гормонына және пролактинге ұқсайды. Бұл гормон бауырда глюконеогенезді арттырады, организмнің глюкозаға толеранттығын төмендетеді, липолизді күшейтеді.

Бала жолдасы бұл гормондардан басқа меланоцитті жетілдіретін гормон, тиреоидтық гормон, релаксин, вазо-прессин, окситоцин өндіріп шығарады.

Эстрогендер жүктілік кезінде жатыр миоциттерінің гипер-плазиясы мен гипертрофиясын, емшектің өсуін туындатады.

Бала жолдасы көп прогестерон бөліп шығарады, ол анасының холестеринінен түзіледі. Жүктілік кезінде прогестеронның маңызы толық анықталмаған. Жуктілік мерзімі артқан сайын қанда прогестеронның деңгейі де көбейеді. Жорамал бойынша: бала жолдасында өндірілген прогестерон жатырдың етті қабатына жайылып тарап оның жиырылғыштық белсенділігін төмендетеді. Бұл гормон жатыр етінің окситоцинге және эстрогендерге сезімталдығын кемітеді.

Бала жолдасы мен ұрықтың арасында белгілі функциялық тәуелділік болады. Адам ұрығы да бала жолдасындағыдай эстрогендер түзілуіне қатысады. Бала жолдасы мен ұрықтың зат алмасуларына қатысуы анасының метаболизмін толықтырады. Стероидтар түзілуіне ұрық, плацента және жүкті әйел организмі қатысады. «Ұрық-плаценталық бірлік» барлық биологиялық белсенді стероидтық гормондардың түзілуін қолдауға қабілетті.

Гипофиз. Жүктілік кезінде аденогипофиздің, гормон өндіретін жасушаларының гипертрофиясы мен гиперплазия-сы дамып, көлемі ұлғаяды. Жүктіліктің бастапқы кезеңінде гонадотропиннің, әсіресе лютропин мен пролактиннің өндірілуі артады. Бұл гормондар сарғыш денешіктің дамуын және эндокриндік қызметін күшейтеді, емшектен сүт шығарылуына дайындайды. Қалқанша бездері мен бүйрек үсті бездеріне әсер ететін тиреотропин мен кортикотропин, солармен бірге өсу гормоны өндірілуі көбейеді. Өсу гормонының әсерінен жатырдың және басқа жыныстық мүшелердің өсуі болады, жүктілік кезінде кейбір әйелдерде аяқ-қолдың, астыңғы жақ сүйектің көлемі қайтымды түрде ұлғаяды.

Жүктілік кезінде гипоталамустың қарынша айналасындағы (перивентрикулалық) ядроларында окситоцин мен вазопрессин өндірілуі көбейеді. Окситоциннің әдетте жатырдың еттерін жиыратын қабілеті бар. Бала жолдасында трофобластарда өндірілетін жүктілік ферменті окситоциназа (цистинами-нопептидаза) окситоцинді ыдыратып оның әсерін әлсіретеді. Босану кезінде бала жолдасында өндірілетін эстрогендер мен серотонин бұл ферменттің белсенділігін тежеп, окситоциннің әсерін күшейтеді.

Гипоталамустың перивентрикулалық ядролары аденогипо-физде фоллитропин, лютропин, кортикотропин, тиреотропин өндірілуін реттейді.

Қалқанша бездері. 35-40% жүкті әйелдерде қалқанша бездерінің көлемі ұлғаяды. Оларда фолликулалардың жалпы саны көбейеді және фолликулалардың ішіне коллоид көп жиналады. Қанда нәруыздармен байланысқан, тиреотоксикоз дамуына әкелмейтін, йодтың мөлшері 8-11 мкг% дейін көбейеді.

Бүйрек үсті бездері. Жүктілік кезінде бүйрек үсті бездерінің сыртқы қабатында, көмірсулары мен нәруыздар алмасуын реттейтін, глюкокортикоидтар (кортикостерон, гидрокортизон) және минералдардың алмасуын реттейтін минералокортикоидтар өндірілуі артады. Солармен бірге, бұл бездерде эстрогендердің, прогестеронның және андрогендердің өндірілуі күшейеді. Бүйрек үсті бездерінің сыртқы және мыйлық қабаттары кортикотропинмен өзара әрекеттесіп жүкті әйелдің босануы басталғанға дейін ағзалар мен тіндерде заттардың алмасуын жоғары деңгейде ұстап тұруға қатысады.

Жүктілік кезінде қанда кортикостероидтардың мөлшері көбейеді. Қан сұйығында олар арнайы нәруыздармен (транскортинмен) байланысып гиперкортицизм дамуынан сақтандырады.

Жүктілік кезінде организмнің мұқтаждығына сәйкес инсулин түзілуі де артады.

Жүктілік кезіндегі зат алмасулары. Жоғарыда келтіріл-ген жүйке және эндокриндік жүйелердің өзгерістеріне байланысты заттардың алмасуы да ауқымды өзгерістерге ұшырайды. Жүктілік кезінде қанда болатын көптеген ферменттердің жалпы мөлшері мен белсенділігі өзгереді. Мәселен, фосфорлық қоспалардың ыдырауы мен түзілуіне қатысатын фосфатаза, гистаминді ыдырататын гистаминаза ферменттерінің белсенділігі көтеріледі, ацетилхолинді ыдырататын холинэстеразаның белсенділігі төмендейді. Ацетилхолин толғақ дамуында маңызды орын алатын жүйкелік медиатор.

Жүктілік кезінде негізгі алмасу мен оттегіні пайдалану көбейеді. Негізгі алмасудың көтерілуі жүктіліктің екінші жартысында және босану кезінде байқалады.

Нәруыздардың алмасуы. Жүкті әйелдерде нәруыздардың алмасуы өзгереді. Оларда азоттық өнімдер жиналады. Жүктіліктің 17 аптасынан бастап тәулігіне 1,84 г азот тұтылады. Бұл кезде қанда қалдық азоттың мөлшері көбеймейді, зәрнәсілдің деңгейі төмен болады. Несеппен зәрнәсіл қалыптыдан аз шығарылады.

Көмірсуларының алмасуы. Ашқарынға қанда глюкозаның деңгейі қалыпты болады. Дегенмен жүкті әйелдерде ол аумақты көлемде толқып тұруы мүмкін. Ол ұйқыбездің инсулин өндіру және инсулинге қарсы гормондардың арақатынасына байланысты болады. Бірақ 40%-ға дейін жүкті әйелдерде глюкоза ішкізгеннен кейін олардың қанында глюкозаның деңгейі қалыптыдан ұзағырақ жоғары мөлшерде сақталады, былайша айтқанда глюкозаға толеранттық төмендейді. Жүкті әйелдердің көпшілігінде глюкозурия дамуына бейімділік байқалады. Гликоген, бауыр мен бұлшықеттерде ғана қорға жиналып қоймай, бала жолдасында да жиналады.

Су мен электролиттер алмасуы. Жүктілік кезінде әйелдердің денесінде көптеген бейорганикалық заттардың тұтынылуы болады. Ұрық қаңқасы мен жүйке жүйесі дамуына қажетті фосфордың, ұрық сүйектері құрылымына қажетті кальций тұздарының әйел денесіне сіңірілуі жақсарады. Жүкті әйел организмінде 950-1150 мг темір жиналады. Оның 180 мг-ын ғана, сүйек кемігінде қан өндірілуін арттыру үшін, анасы өзі пайдаланады, 300-570 мг қосымша гемоглобин түзуге, 250-400 мг ұрық мұқтаждығына, 50-100 мг бала жолдасы құрылуына пайдалынылады, 50 мг жатыр етіне жиналады, 6 бойы емізгенде сүтпен 180 мг темір шығарылады. Барлық жүктілік бойында әйел тәулігіне 4-5 г. темір қабылдауы қажет.

Жүкті әйел денесінде калий, натрий, магний, хлор, кобальт, мыс т.б. көптеген микроэлементтер жиналады. Бұл заттар іштегі балаға ауысып ондағы зат алмасуларының дұрыс өтуіне және ұрықтың өсуіне қолайлы ықпал етеді. Жүкті әйелдің босануға дайындалуы және сүт бөліп шығаруы үшін организмде бейорганикалық заттар жиналуының маңызы зор.

Жүктілік кезінде бейорганикалық заттардың жиналуы су алмасуына ықпал етеді. Бұл кезде денеде су тұтылуына бейімділік байқалады. Су алмасуын реттеуде әлдостерон маңызды орын алады. Қалыпты жүктілік кезінде су мен хлоридтердің артық тұтылуы болмайды, артық су организмнен тез шығарылады.

Витаминдер алмасуы. А, В1, Д, Е, К, РР және әсіресе С витаминдеріне жүкті әйелдердің мұқтаждығы көбейеді. Өйткені іштегі баланы және қарқынды зат алмасу деңгейін сақтау үшін витаминдер қажет болады. Аскорбин қышқылына тәуліктік мұқтаждық 2-3 есе көтеріледі және ол ұрық, ұрық қабықтары мен бала жолдасы дамуына өте қажет. А витамині ұрық өсуінде, В1 витамині жүйке жүйесі қызметтерінің реттелуінде және көптеген ферменттік үрдістерде өте маңызды орын алады. Е витамині жүктілік дамуына ықпал етеді. Оның тапшылығынан түсік тастау қауіпі пайда болады. Е витамині қуатты антиоксидант болғандықтан бұл витамин жетіспеуінен бала жолдасында некроздық өзгерістер дамып, ұрық тіршілігін жоғалтады.

Қалыпты жүктілік кезінде ұрық дамуына байланысты гормондық өзгерістер мен зат алмасу ерекшеліктерінен қанда қышқылдық сілтілік үйлесімділіктің өзгерістері байқалады. Бұл кезде зат алмасуларының қышқыл өнімдері жиналады. Осымен бір мезгілде гипокапния және тыныстық алкалоз дамиды. Жүктіліктің мерзімі ұлғаюына қарай метаболизмдік ацидоз бен тыныстық алкалоз күшейеді. Жүкті әйелдердің көпшілігінде бұл өзгерістер теңгерілген күйінде сақталып рН өзгермейді.

Жүрек-қантамырлар жүйесі. Жүктілік кезінде айналымдағы қан көлемі көбеюіне, шеткері қантамырларының жалпы кедергілік қасиеті көтерілуіне, жатыр мен бала жолдасы аралығында қуатты қанайналым дамуына және жатырдың көлемі ұлғаюына байланысты жүрек-қантамырлары жүйесінің қызметіне көтеріңкі жүктеме пайда болады. Жүкті әйелдің жүрегі осындай жүктемеге мына жолдармен бейімделеді:

● солжақ қарыншаның физиологиялық гипертрофиясы дамуымен;

● минуттық қан көлемі көбеюімен;

● қан тамырларының межеқуаты шамалы көтерілуімен;

● шамалы тахикардия дамуымен.

Жүктіліктің соңғы айларында көкеттің жоғары ығысуына байланысты кеуде қуысында жүрек көлденең бағытта орналасады. Содан ірі қан тамырлары иілуінен функциялық систолалық шуыл пайда болады. Бұл өзгерістер әйел босанғаннан кейін толығынан жоғалады. Физиологиялық жүктілік кезінде артериалық қысым онша өзгермейді. Жүкті әйелдерде артериалық қысымның өзгерістері туралы тұжырым жасау үшін жүктілікке дейінгі қысым мөлшерін білу қажет. Олардың арасында жүктілікке дейінгі артериалық қысым (мәселен, с.б.б. 90/60 мм) төмен әйел болуы мүмкін. Бұндай жағдайда басқа әйелдерге қалыпты болатын (120/80 мм) қысым бұл әйел үшін гипертензия болады. Сол себепті жүкті әйелде артериалық қысымның жалпы мөлшері емес, оның жүктілікке дейінгі мөлшерінен өсу пайызын анықтау маңызды. Систолалық қысымның бастапқы деңгейінен 30%-ға көтерілуі гипертензияға тән дерттік әйгіленім деп қарау қажет. Жүктілік кезінде диастолалық және тамыр соққылық қысымның ауытқуларын білу қажет. Диастолалық қысым с.б.б.75-80 мм-ден аспауын, пульстік қысым с.б.б. 40 мм-ден төмен болмауын қадағалау қажет.

Қан жүйесі. Жүктілік кезінде қан өндірілу күшейеді, эритроциттер мен гемоглобиннің мөлшері және қан сұйығының көлемі ұлғаяды. Айналымдағы қанның көлемі жүктіліктің соңында 35-40%-ға көбейеді.

Дені сау жүкті әйелдерде жүктілік кезінде қанның көлемі 23%-ға артады. Бұл кезде қан сұйығы 25%-ға, ал эритроциттердің массасы 20%-ға көбейеді. Осыдан дамыған қан сұйылуы нәтижесінде оның белгілі көлемінде гемоглобин мен эритроциттер қалыптыдан аз болуы мүмкін. Жүктіліктің 16-аптасында олардың деңгейі қалыпты мөлшерге келеді. 32- аптасында қанда эритроциттер мен гемоглобиннің мөлшері бастапқы мөлшерінен 15%-ға азаяды. Бұл кезде гематокриттік көрсеткіш 33:67, 30:70 шамасында, гемоглобин 110 г/л, эритроциттер 3,6●1012/л мөлшерінде болады. Қанның бұндай шамалы сұйылуы, жүкті әйелдерде байқалатын гипер-кортикостероидемияның әсерінен, сұйықтың жасушалар мен жасуша аралық кеңістіктерден қанға ауысуынан болады. Ол әйел тәніне теріс ықпал етпей, анасы мен ұрық арасында қанайналымды жақсартады. Осындай құбылысты анемиямен шатастырмау керек.

Тыныс жүйесі. Қанда қышқыл өнімдер жиналуынан тыныс алу шамалы жиілейді, газдардың алмасуы күшейеді. Физиологиялық жүктіліктің соңғы айларында көкеттің жоғары ығысуына қарамай тыныстық бет және өкпенің тіршіліктік сыйымдылығы қалыпты мөлшерде сақталады. Өйткені бұл кезде кеуде сарайы көлденең бағытта кеңиді.

Асқорыту жүйесі. Кейде асқазан сөлінің қышқылдығы азаяды.

Несеп шығару жүйесі физиологиялық жүктілік кезінде өзгерістерге ұшырамайды.

Тірек-қимылдық жүйе. Жүктілік кезінде бала жолдасында өндірілетін релаксиннің әсерінен буын байламдары, қасаға шеміршегі мен қосылысы және сегізкөз-жамбас қосылыстарының сілемейлі қабығы болбырап ісінеді. Осыдан жамбас сүйегі қосылыстарының қозғалу мүмкіншіліктері біршама артады, босану кезінде оның сыйымдылығы аздап үлкеюіне мүмкіндік пайда болады.

Тері жүктілік кезінде біраз өзгерістерге ұшырайды. Бұл кезде бетте, құрсақтың ақ сызығында, емшек ұшында және оның айналасында, бүйрек үсті бездерінің торлы аумағында өндірілетін, меланинге ұқсас, қоңыр пигмент жиналады.

Жүктілік кезінде жатырдың көлемі ұлғаюынан әйелдің құрсақ еті керіліп кетеді. Содан құрсақ терісінде, тыртыққа ұқсайтын, атрофиялық жолақтар (striae gravidarum - жүктілік жолақтары) пайда болады. Бұндай жолақтар сан және емшек терісінде де байқалады. Жалпы олардың пайда болу себептерін жүкті әйелдерде глюкокортикоидтық гормондардың артық өндірілуімен түсіндіруге болады. Бұл гормондардың әсерінен тері нәруыздарының ыдырауы артуынан пайда болған азоттық өнімдер іштегі бала дамуы үшін пайдаланылады. Бұндай жолақтардың түсі жүктілік кезінде қызғылтым-қызыл болса, босанғаннан кейін ақшыл түске ауысады.

Сүт бездері. Бала жолдасында өндірілетін гормондардың (эстрогендер мен прогестерон) әсерінен емшектің гиперплазиясы дамып сүттенуге дайындық болады. Сүт бөлу аденогипофиздің лютропин гормонымен реттелінді.
Дертті жүктілік
Жүктіліктің асқынулары мына жағдайларда пайда болуы мүмкін:

● жыныстық жүйеде даму ақаулары мен дерттік өзгерістер болуында;

● жыныстық жүйеден тыс ағзалардың ауруларында;

● ұрықтың, бала жолдасының, ұрық қабықтарының бұзылыстарында;

● ұрық пен анасының арақатынастары ауытқуларынан.
Әйелдердің жыныстық ағзаларының даму ақаулары. Жыныстық ағзалардың толық жетілмеуінен әйел жиі түсік тастайды немесе бала шала туады, босану кезінде толғақ тым әлсіз болады. Жыныстық ағзалары жетілмеген әйелдерде жүктілік олардың жетілуіне қолайлы ықпал етеді және артынан болған жүктілік дамуы мен босану қалыпты жағдайда өтеді.

Жіті эндометрит кезінде әдетте бедеулік байқалады. Жатырдың сүлде қабынулары кездерінде оның қабырғасына ұрықтанған аналық жасуша беки алмайды. Эндометрит кезінде сыдырылатын (децидуалдық) қабықтың құрылымы мен функциясы бұзылады. Бұл кезде әйел жиі түсік тастайды, бала жолдасы жатыр ернеуін жауып бітуі мүмкін.

Жатыр түтіктерінің қабынулық аурулары екі жағынан болғанда ішке бала бітуі болмайды. Кейде бала түтік ішіне бітуі мүмкін. Осындай жағдайда жатырдан тыс жүктілік дамиды. Жатыр түтігі бір жағынан қабынғанда сирек болса да жүктілік дамуы ықтимал. Жүктілік кезінде қабыну өте сирек ушығады, кейде қабынудан оңалу байқалады. Бірақ жүктіліктің бірінші жартысында іштің төменгі жағы сыздап ұзақ ауыруы ықтимал. Бұндай жағдайда кальций хлоридін, аутогемотерапия және ауыруды басатын дәрілер тағайындау қажет.
Жүктілік дамуына жыныстық жүйеден тыс ағзалар ауруларының әсері
Жұқпалы аурулар жүкті әйелдерде ауыр түрде өтеді. Іштегі ұрықтың жұқпалануынан оның тіршілігі тоқталады, түсік тастау, мерзімінен бұрын босану, баланың өлі туылуы, жаңа туған нәрестенің сырқаттануы жиі байқалады.

Жүкті әйелдің тұмаумен сырқаттануы оның өзі үшін де және іштегі баласы үшін де өте қауіпті. Бұл кезде организмнің уыттануынан өзбетінше түсік тастауға, мезгілінен бұрын босануға, баланың өлі туылуына қатер төнеді. Сондықтан жүкті әйелдерді тұмаудан сақтандыру шаралары қолданылуы кезек күттірмейтін мәселе.

Туберкулез. Туберкулездік уыттың ұрыққа әсер етуінен түсік тастау, мерзімінен бұрын босану қауіпі пайда болады. Жүктілік бұрын әйгіленбеген немесе сылбыр өтетін өкпе туберкулезін ушықтырып жіберуі мүмкін. Бірақ туберкулездік диспансерде бақылауда болып, дұрыс емделіп жүрген науқас әйелдерде жүктілікті сақтауға болады. Жүктіліктің көмей туберкулезімен қабаттасуы өте қауіпті. Бұл кезде туберкулездің өтуі қатты асқынады, көмекейдің тез ісінуі, лейкоциттер сіңбеленуі және жараға айналуы байқалады.

Мына жағдайларда жасанды түсік түсіру қажеттігі пайда болады:

● өкпенің фиброздық-каверноздық туберкулезінде;

● омыртқаның, ұршық, тізе, сирақ-аяқ басы буындарының белсенді туберкулезінде;

● екі жақты ауыр бүйрек туберкулезінде;

● көмекейдің туберкулезі - кездерінде.

Безгек. Безгек ұстамасы кезінде өз бетінше түсік тастау жиілейді. Оның ұстамасы болмағанның өзінде ұрықтың өлуі, түсік тастау және мерзімінен бұрын босану байқалады. Бұндай жағдай тропикалық безгек кезінде болады. Бала жолдасы ұлғаяды, бүрлерінің көптеген тамырлары бітеліп қалады, онда тіршілігін жоғалтқан бөлікшелер мен майда қан құйылулар байқалады.

Жүктілік оған дейін жасырын өткен безгекті ушықтырып жіберуі мүмкін.

Безгекті ерте аңғарып дұрыс емшараларын қолданғанда жүктілікті сақтап қалуға болады.

Мерез өз бетінше түсік тастауға және баланың шала туылуына әкеледі. Жүктілік мерзіміне жеткенде туылған бала, мерезді жұқтырып, жиі өлі туады. Мерез қоздырғышы дерттік өзгеріске ұшыраған бала жолдасы арқылы өтіп кетеді.

Дер кезінде мерезге қарсы емшаралар пайдаланудан жүкті әйел сауығып, дені сау бала туылады.

Соз ауруы жатыр түтіктерінің бітеліп қалуына жиі әкеледі, бірақ соған қарамай жүктілік пайда болса, ол түсік тастаумен немесе баланың шала туылуымен асқынуы болады. жатыр қосалқыларының соз ауруылық сүлде қабынуы жатырдан тыс жүтілік дамуына әкеледі.

Жүктілік кезінде жіті соз ауруы өте қарқынды өтеді. Бұл кезде іншектің жіті қабынуы болып, одан көптеп іріңді ақ кір бөлініп шығарылады, іншекте, жатыр ернеуінде, сыртқы жыныс мүшелерінде көптеген үшкір кандиломалар пайда болады. Осылармен бірге өз бетінше түсік тастау, жатыр сыртына бала біту, мерзімінен бұрын босану, туылу кезінде баланың соз дертімен жұпалануы (ұл балалардың көзі іріңдеп былшықтануы, қыз балаларда кольпит дамуы) байқалады.

Жүктілік кезінде токсоплазмоз дертімен сырқаттанудан баланың өлі туылуы, өз бетінше түсік тастау және ұрық даму ақаулары (гидроцефалия, микроцефалия, жұлын жарығы, микрофтальмия, қоянжырық, тесік таңдай) байқалады.

Сарып ауруы жүкті әйелдерде түсік тастауға, баланың өлі туылуына, босану кезінде ауыр қан кетулерге және босанғаннан кейін де асқынуларға жиі әкеледі. Жүктіліктің өзі сарып ауруының өтуін ауырлатады.

Вирустық гепатиттер. Жүкті әйелде вирустық гепатит анықталған жағдайда әйел ауруханаға жатқызылуы қажет. Бұл кезде емдеу шаралары нәтижесіз болса жасанды түсік түсіру операциясы жасалуы керек.
1   ...   101   102   103   104   105   106   107   108   109

перейти в каталог файлов
Образовательный портал Как узнать результаты егэ Стихи про летний лагерь 3агадки для детей
Образовательный портал Как узнать результаты егэ Стихи про летний лагерь 3агадки для детей